Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қарасу ауылындағы № 24 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Нысан ТЖМ инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында кешенді реновациядан өтті. Аталған бағдарлама еліміз бойынша жүздеген бөлімшені қамтыды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өрт сөндіру бөлімінде қызметтік бөлмелер жаңартылып, негізгі ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ алты өрт сөндіру автокөлігіне арналған модульдік ангар орнатылды. Кешен құрамына Қарасу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі ғимараты да кіреді. Бөлімше шамамен 19 мың тұрғыны бар аумақтың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңғырту барысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қажеттіліктеріне ерекше назар аударылды. Бөлім аумағында футбол алаңы, воркаут аймағы, демалыс орны және Batyr Team спорт залы жабдықталған. Мұнда қызметкерлер дене шынықтырумен айналысып, жаттығулар өткізіп, кезекшіліктен кейін күш-қуатын қалпына келтіре алады.
Салтанатты рәсім барысында министр жеке құрамды нысанның ашылуымен құттықтады. Қызметтік міндеттерін атқаруда ерекшеленген қызметкерлер ведомстволық медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шара өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаш отырғызумен аяқталды.
Өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. Қолданыстағы бөлімшелерді жаңарту техниканы тиісті деңгейде күтіп ұстауға, қызметті ұйымдастыруды жетілдіруге, сондай-ақ құтқарушылардың кәсіби даярлығы мен демалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.


