Алматыда дәрілік препараттарды басқарудың роботтандырылған жүйесі енгізілді

Алматыда дәрілік препараттарды басқарудың роботтандырылған жүйесі енгізілді

Алматы қаласында медициналық қызмет сапасын арттыру және заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолдану бағытында маңызды жаңашылдық жүзеге асырылды. Қалалық онкологиялық орталықта дәрілік препараттарды басқаруға арналған роботтандырылған дәріхана кешені іске қосылды.
Жаңа технология дәрілік заттарды қабылдау, сақтау, дайындау және науқастарға беру үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар препараттарды жабық әрі герметикалық жағдайда дайындайтын арнайы жүйе енгізілді.
Цифрлық шешімнің басты ерекшелігі – әрбір дәріге жеке код тағайындалып, оның қозғалысы электрондық жүйеде тіркеледі. Осылайша препараттың медициналық мекемеге жеткізілген сәтінен бастап пациентке берілгенге дейінгі барлық кезеңін бақылауға болады. Бұл адами факторға байланысты қателіктердің ықтималдығын азайтуға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта Алматы онкологиялық орталығында 38 мыңнан астам науқас есепте тұр. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады.
Соңғы сегіз жыл ішінде орталықта көрсетілетін емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есе артқан. Ал пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46 пайыздан 75 пайызға дейін жоғарылаған.
Роботтандырылған жүйенің енгізілуі дәрілік препараттарды басқарудың ашықтығын қамтамасыз етіп, медициналық қызметкерлердің жұмысын оңтайландыруға жағдай жасайды.
Мұндай инновациялық шешімдер Алматының денсаулық сақтау саласындағы технологиялық жаңғыруына серпін береді. Цифрлық бақылау тетіктері дәрілік заттардың қозғалысын жүйелеп, емдеу үдерісінің қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар заманауи жабдықтарды пайдалану медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам саналады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ