Алматыда жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, инновациялық идеяларын жүзеге асыруға бағытталған JAS CAMP Digital Camp білім беру лагері ұйымдастырылмақ. 29–31 тамыз аралығында өтетін үш күндік бағдарламаға 100-ден астам жас қатысып, заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгереді.
Қаладан 18 шақырым қашықтықтағы «Арман Дала» демалыс аймағында ұйымдастырылатын лагерьде қатысушылар 10 командаға бірігеді. Негізгі мақсат – жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды пайдаланып, 20-дан астам жаңа digital-жоба әзірлеу.
Бағдарлама Idea → Product, AI & Digital, UX/UI, командалық жұмыс және Pitch & Storytelling бағыттарын қамтиды. Жастар идеяны нақты өнімге айналдыруды, MVP әзірлеуді және жобаларын көпшілік алдында таныстыруды үйренеді.
Үш күн ішінде бес шеберлік сабағы мен 10 сағаттан астам IT-әзірлеме жұмыстары өткізіледі. JAS START кезеңінде командалар құрылса, JAS BUILD барысында жобалар жетілдіріледі. Ал Demo Day күні қатысушылар өз әзірлемелерін сарапшыларға ұсынады.
Digital Night түнгі хакатонында жастар цифрлық өнімдерін жетілдіріп, оларды 60 секунд ішінде таныстыру дағдыларын меңгереді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, мұндай бастамалар жастардың технологиялық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
JAS CAMP қатысушыларға IT саласында тәжірибе жинақтап, кәсіби байланыстар орнатуға жағдай жасайды. Сонымен қатар бағдарлама Алматыда жаңа цифрлық жобалардың қалыптасуына және жастардың инновациялық кәсіпкерлікке қызығушылығының артуына ықпал етпек.
Алматыда JAS CAMP жобасы жастардың цифрлық әлеуетін дамытуға жол ашады


