Алматыдағы Park Live фестивалі 60 мың көрерменді біріктірді

Алматыдағы Park Live фестивалі 60 мың көрерменді біріктірді

Алматы қаласы халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өтетін маңызды орталықтардың бірі ретінде танылып келеді. Соның жарқын көрінісі – 21-23 тамыз аралығында ұйымдастырылған Park Live Almaty музыкалық фестивалі. Үш күнге созылған ауқымды шараға 60 мың адам қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Бірінші Май тоғандары аумағында өткен фестиваль әлемге танымал музыканттар мен қазақстандық өнерпаздарды бір сахнаға жинады. Кештің басты жұлдызы Қазақстанда алғаш рет өнер көрсеткен британдық Gorillaz тобы болды. Ұжымның Feel Good Inc., Clint Eastwood, DARE және On Melancholy Hill шығармалары тыңдармандар арасында кеңінен танымал. Топтың Spotify платформасындағы ай сайынғы аудиториясы шамамен 38,7 миллион адамға жетеді.
Музыкалық бағдарлама аясында Jack White, The Offspring, The Kills, Bloodywood, CeeLo Green, De La Soul және Glassjaw өнер көрсетті. Отандық сахна өкілдерінен Dequine, Dirty Ctrl, Pigz, Kezeñ және «Порез на собаке» тобы қатысты.
Park Live Almaty фестивалі қаланың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етті. Осындай халықаралық жобалар Алматының шығармашылық әлеуетін танытып, отандық орындаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Фестиваль еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден келген музыка жанкүйерлерінің басын қосып, Алматының ірі мәдени оқиғаларды қабылдауға қабілетті қала екенін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыстар мегаполистің халықаралық беделін нығайтуға септігін тигізеді.
Ал 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың концерті жоспарланған болатын.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ