NIS оқушылары домбыра үйренуге арналған инклюзивті жүйе жасады

NIS оқушылары домбыра үйренуге арналған инклюзивті жүйе жасады

Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Іңкәр Шаяхмет пен Зарина Бектулла домбыра тартуды үйренуге арналған Dombra Sense инновациялық жүйесін әзірледі. Заманауи технологияларға негізделген жоба ұлттық аспапты үйренуді жаңадан бастағандарға, көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған.

Бұл туралы No-comment.kz Шымкент қаласы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды

Dombra Sense жүйесі домбыра тартуды жеңілдететін бірнеше құрылғыдан тұрады. Жарықдиодты индикаторлар қай ішек пен пернені басу керегін көрсетсе, арнайы діріл білезігі қолдың қозғалыс бағытын анықтауға көмектеседі. Ал домбыра корпусына орнатылған арнайы құрылғы ырғақты діріл арқылы сезінуге мүмкіндік береді. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайль қарпімен арнайы белгілер де қарастырылған.

Жүйенің мүмкіндіктерін мобильді қосымша толықтырады. Оның көмегімен пайдаланушылар сабақтарды таңдап, оқу қарқынын өз ыңғайына қарай реттеп, жаңа музыкалық шығармаларды қоса алады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмекшісі мәтін, нота, сурет және аудио форматындағы музыкалық материалдарды интерактивті сабақтарға айналдырады.

Осы мүмкіндіктердің барлығы домбыра тартуды өз бетінше меңгеруді жеңілдетуге және оны ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға қолжетімді етуге бағытталған. Ұлттық музыкалық мұра мен заманауи технологияларды ұштастырған оқушылардың жобасы инклюзивті білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ақордада өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды...