Түлкібастық түлектер өмірден өткен сыныптастың отбасына үй сыйлады

Түлкібастық түлектер өмірден өткен сыныптастың отбасына үй сыйлады
Түркістан облысы, Түлкібас ауданында 15 жылдан бері игі дәстүр жалғасын тауып келеді. Ол – мектеп түлектерінің қайырымдылыққа үлес қосып, мұқтаждарға баспана әперуі. Бүгін Түлкібас ауданындағы Абай мектеп-лицейінің және Б.Садықов жалпы орта мектебінің 2002 жылы түлеп ұшқан түлектері бірге оқыған сыныптас достың соңында қалған жарына аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылынан 4 бөлмелі үй алып беріп, қуанышқа бөледі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі өмірден өткен Айкерім Сыздықова осы уақытқа дейін үш перзентімен жалдамалы пәтерде тұрып келген-ді. Бұны естіген күйеуінің сыныптастары 20 жылдықта той тойлап, думандатқанша, өмірден өткен достың әруағына құран бағыштап, қиындыққа душар болған әйеліне үй сыйлауды өзара шешкен.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, округ әкімі, ауыл ақсақалдары, мәслихат депутаттары мен ауданның бас имамы М.Серік, ардагер ұстаздар мен түлектердің ата-аналары арнайы қатысып, Бесбаевтар отбасын жаңа қонысымен құттықтады.
Ақын Әбдібек Аралбайұлы елге үлгі боларлық бастамаға ұйытқы болған түлектерге өлең шумақтарын арнаса, өмірден өткен Мейіржан Бесбаевтің ата-анасы мен жары қайырымды сыныптастарға алғыстарын білдірді.
Іс-шара соңында 2002 жылғы түлектер қайырымдылық эстафетасын дәстүрге сай 2003 жылғы түлектерге өткізді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...