Ғазиз Дидарың жазымызда мәңгі жаңғырады, әпке

Ғазиз Дидарың жазымызда мәңгі жаңғырады, әпке

Рая әпкеміз Қуан әкеміз бен Балажан анамыздың бұлағының тұнығы, отбасының көз қуанышы еді. Ата-анамыздың сенімін ақтаған, көпшілік жақтаған, ағайын-туыс мақтаған әулеттің ақмаңдайлы ару еді Рая әпкеміз!..

Рая Қуанқызы 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, М. Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының Математика факультетін «Қызыл дипломмен» деп тәмамдады. Ол болашағынан мол үміт күттірген мықты маман еді.

Еңбек жолын орта мектепте бастап, аз уақытта өзінің терең білімі, ізденімпаздығы және еңбекқорлығы арқасында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген-ді. Ол уақытта ауыл, аудан, облыс көлемінде бұл – үлкен лаузымды қызмет саналатын.

Рая Қуанқызының математика саласына ерекше қабілет-қарымы туралы кезінде Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарған Сейілбек Наурызбаев ағамыз былай деп сыр тиегін ағытқан еді (ағамыз 2019 жылы өмірден өтті):  

– Раяны 1963 жылы бірінші класқа әкесі Қуан ертіп келді. «Осы баламнын көп үміт күтемін. Осы балам оқыса деп едім» деді әкесі. Сол жылы бірінші класқа қабылданып, он жылдық мектепті кілең «бес» деген бағамен бітірді.

Мен өзім мектепте жүргенде бір жағынан математика пәнінен сабақ та бердім. Рая маған «Ағай, сіз сияқты математик, ұстаз болсам деген ойым бар» дейтін. Аман болғанда, үлкен математик болатын еді».

Иә, ұстаз айтса, қалт айтпайтыны анық. Бұған қоса, әріптестері де, оқушылары да, ата-аналар да педагог Рая Қуанқызын мақтан тұтып, ерекше құрметтейтін.

Шын мәнінде, талапшыл, арманы асқақ, ізгі ниетті адамның жақсы қасиеттерін курстарынан артық ешкім біле қоймас. Осы ретте, Рая Қуанқызын курстасы, ұлағатты ұстаз, бүгінде зейнеткер, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Замира Сабекқызы Маханова былайша еске алады:

«Біздің қымбатты курстасымыз Раяның, егер тірі болғанда, 70 жасын тойлаған болар  ма едік! Аллаһ Раяны рақымына алсын, жатқан жері жайлы болсын. Әмин.

Раямен  оқу залында кездесетінбіз. Сабақтан босай қалсақ, тек інілері туралы айтатын. Бауырларының жағдайын, болашағын ойлап, үнемі қалың ойда жүретін, бауырларының қамын жейтін. Рая нағыз бауырмал әпке бола алды. Бауырларының кісі болуына өзі іргетас қалап кетті.

Группада комсорг болып қоғамдық жұмыс атқаратын. Оқытушылармен, деканатпен тығыз араласатын. Соның нәтижесінде, Раяның, әсіресе Беріктің математика факультетін түсуіне, оқуына еңбегі зор болды.

Рая бауыр ретінде інілерінің өмірден өз жолдарын адаспай табуына, жақсы білім алуына көмектесетін. Серік КРУ-да ревизор болып, абыройлы еңбек етті. Біздің ауданға қызметпен келгенде мені фамилиямнан танып, «Раяның курстасысыз ғой» деп, менімен қайта танысып, екеуміз отырып алып Раяны еске алғанбыз. Кездесіп қалсақ, жаны қалмай сәлемдесетін. «Рая тірі болғанда Сіз  сияқты аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болар ма еді» деп арманын айтатын, сол кезде көңіліміз босап қалатын.

Біздер, курстастары, оның көзін  көрген құрбылары, дұға жасап бүгін оны еске алып отырмыз! Раяның бауырларына қамқорлығы, берген тәрбиесі, кейінгі ұрпақтар алдында қалдырған жақсы атағы, ізгі естелігі, бүгінгі еске алу шарасы – Раяның даналығының, ізгілердің қатарында екендігінің дәлелі және Рая үшін ең үлкен садақа».

Рая әпкеміздің курстасы Замира Сабекқызының естелігін оқып отырып, шын мәнінде, әпкеміздің аз ғана сүрген өмірі мағыналы, мәнді болғанына, артына ізгі естеліктер қалдырғанына көз жеткіземіз. Және де оның Рая әпкемізге деген достық ілтипатын, ерекше құрметін, қимас сезімін сезінбей тұра алмайсың!

...Жылжып жылдар өтуде. Бізде қазір бәрі бар сияқты. Қызмет те, үй-жай да, туыс-туған да, тек ортамызда аяулы әпкеміз Рая Қуанқызының жоқтығы анық сезіледі. Жанымызға қатты батады, өн-бойымызды аяздай қариды.

Рая әпкеміз біздің ортамызда жүргенде қандай еді!.. Жүзі нұрға толып, ақылымен бізді баурап алатын. Бәрімізді бірдей көріп, сөзімізді сөйлеп, ақыл-кеңесін беріп, адаспастай жол көрсететін.

Рая әпкеміздің артында Серік, Берік сияқты бауырлары бар, студент кезінде, аз ғана жыл жұмыс істеген мерзімдегі жасаған амал-әрекеті, адал, мәнсіз қызметі қалды. Олар барда оның ардақты есімі еш уақытта ұмытылмақ емес.

Адам тағдыры о баста жарық дүниеге келгенде маңдайына жазылады деген халқымызда тәмсіл бар. Рая әпкемізге бес күндік жалған дүниеге келіп, ана-ана мейіріміне қанып өсіп, бауырларын көріп, олардың әрқайсысына әпке ретіндегі қамқорлығын көрсетіп, оларды тура жолға салып, курстастармен,  ағайын-туыстармен жақын аралас-құралас болып, аз ғана тіршілігінде олар үшін сыйлас, қимас адам қатарынан болуын жазған тағдырға шүкіршік айтамыз.

Рая Қуанқызының артында қалған қалың орманы – бауырлары ғана емес, олардың ұрпақтары – жас буын өкілдері де үлкендер жолын лайықты жалғастырып, әпкемізге – Раядай аяулы апаларына тағзым етіп, оның атын атап ас беріп, рухына бағыштап Құран аяттарын оқытуы – үлкен адамгершілік әрі иманы іс!

Рая әпкеміз арамызда жүргенде биыл жетпіс жасқа толған болар еді!.. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз бар халқымызда. Жаратқанның жазуына көне отырып, Рая әпкеміздің ардақты есімін тағы да жаңғыртып, көпшілік болып еске алып, мерейтойына орай садақа беріп, құрметімізді көрсетеміз.

Рухың пейіш төрінде шалқысын, абзал әпке!

Ғазиз дидарың біздің жазымызда мәңгі жаңғырады!

Сізді ешқашан ұмытпаймыз!

Бердібек Мейірбеков     

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Әпке! Кімге болсын әпкенің қадірі, орны бөлек – жанашырың, сен үшін күйіп-пісер жанкүйерің. Бұған әпкелер қанатының астында жетіліп, кемдік көрмей,...

Қазақстанда тартылатын капитал көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның құрылымын өзгертуге де бағдарланған жаңа инвестициялық цикл қалыптасуда. Басымдық...