Туристік инвестициялар Шымкентте жаңа бизнес мүмкіндіктерін қалыптастыруда

Туристік инвестициялар Шымкентте жаңа бизнес мүмкіндіктерін қалыптастыруда

Шымкентте туристік инфрақұрылымды дамыту жеке инвестицияларды тартудың және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлікті кеңейтудің перспективалы бағыттарының біріне айналып келеді. Бадам су қоймасының жағалауында жүзеге асырылып жатқан «Omir Shymkent» туристік кешені осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі.

Жоба 74 гектар аумақты қамтиды. Оған салынатын инвестиция көлемі шамамен 9 млрд теңгені құрайды. Кешен экологиялық туризмді дамытуға, заманауи рекреациялық инфрақұрылым қалыптастыруға және Шымкенттің туристік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Қазіргі уақытта жобаның алғашқы кезеңі техникалық түрде іске қосылды. Оның аясында табиғи ортада демалуға арналған 10 глэмпинг пен 10 капсулалы үй пайдалануға берілді. Бұл кешеннің толыққанды инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болып отыр.

Жобаның кейінгі кезеңдері оның экономикалық ауқымын едәуір кеңейтпек. Жоспар бойынша мұнда 48 глэмпинг, 18 капсулалы және 24 модульді үй орналасады. Сонымен қатар ASPAN мейрамханасы, Сақ моншасы, спорт алаңы, амфитеатр, ат спорты және шарап өндіруге арналған аймақтар қарастырылған.

Мұндай кешеннің ерекшелігі – бір инвестициялық жобаның айналасында бірнеше қызмет көрсету бағытының қатар дамуына мүмкіндік беруінде. Орналастыру және қоғамдық тамақтанудан бөлек, спорттық демалыс, ойын-сауық және басқа сервистердің дамуы кәсіпкерлік белсенділікті арттыра алады.

Туристік нысандардың көбеюі ілеспе бизнеске де сұраныс қалыптастырады. Көлік қызметі, азық-түлік жеткізу, техникалық қызмет көрсету, іс-шара ұйымдастыру және басқа бағыттар бойынша жергілікті кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Осылайша туристік инвестицияның экономикалық әсері бір ғана нысанмен шектелмейді.

Жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Кешен кеңейген сайын қонақжайлылық, қоғамдық тамақтану және сервистік қызметтер саласындағы мамандарға қажеттілік артады.

Шымкент үшін осындай инвестициялық жобалар қаланың туристік тартымдылығын арттырумен қатар экономиканың қызмет көрсету секторын әртараптандыруға мүмкіндік береді. «Omir Shymkent» кешенінің кезең-кезеңімен дамуы жеке инвестицияның жаңа инфрақұрылым, кәсіпкерлік мүмкіндіктер және жұмыс орындарына айналуының нақты мысалы бола алады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстанда ерте жастан білім беруден бастап, кәсіптік даярлау, ғылым, цифрлық құзыреттілікті дамыту және еңбек нарығына шығуға дейінгі үдерістерді...