Қазақстанда 7,7 млн тонна астық жиналды: келіп түскен бидайдың 78%-ы үшінші сыныпқа жатады

Қазақстанда 7,7 млн тонна астық жиналды: келіп түскен бидайдың 78%-ы үшінші сыныпқа жатады

Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде 5,5 млн гектар дәнді дақыл жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 35,5%-ын құрайды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен шамамен екі есе жоғары. Орташа өнімділік гектарына 14 центнер болған жағдайда, шаруалар қазірдің өзінде 7,7 млн тонна астық жинады. Өткен жылы бұл көрсеткіш осы кезеңде 3,9 млн тоннаны құраған болатын, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Сонымен қатар қабылдаудың алғашқы нәтижелері жаңа өнім сапасы жоғары екенін көрсетіп отыр. Бүгінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 1 млн тоннадан астам, яғни 1 025,2 мың тонна астық түсті. Бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңінде сақтауға қабылданған астық көлемінен жеті есе көп. Аталған көрсеткіш ол кезеңде 145,5 мың тоннаны құраған болатын.

Қабылданған жұмсақ бидайдың негізгі бөлігі жоғары сапалы астыққа жатады. Сапалық көрсеткіштерді анықтау нәтижесіне сәйкес, оның 78%-ы үшінші сыныпқа, 14%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды. Бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын бидайдың үлесі 7%-ды құрады. 

Глютеннің құрамы жоғары сапада екені байқалады. Алынған жұмсақ бидайдың жартысынан көбі, яғни 56%-ында глютен мөлшері 28%-дан асады. Тағы 19%-ының құрамында глютен 25-27%, қалған 25%-ында – 23-24%.

Осылайша, астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа астық түскен сайын оның сапасы да артып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылданып жатқан астықтың сапасына, сыныптылығы мен негізгі физика-химиялық көрсеткіштеріне жүйелі мониторинг жүргізуде.

Дәнді дақылдармен қатар майлы және көкөніс-бақша дақылдарын жинау да жалғасуда. Бүгінгі таңда 244 мың тонна май тұқымы жиналды. 1,9 млн тоннадан астам көкөніс, 1,7 млн тонна бақша дақылдары және 795 мың тонна картоп алынды. Бұл дақылдар бойынша егін жинау жұмыстары жоспарлы режимде жүргізілуде.

Егіннің жай-күйі ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында. 

Жағдайды жедел бағалау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған, ол өңірлерде тікелей көшпелі тексерулер жүргізуде. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, дәнді және майлы дақылдардың 98%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда 161,3 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша шарттар жасалып, төлем жүргізілді. Бұл бөлінген көлемнің 40%-ын құрайды. 143 мың тоннасы немесе 36%-ы жөнелтілді.

Сондай-ақ шаруаларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылға жоспарланған 2,3 млн тонна көлемнің бүгінгі күнге 2 млн тоннасы бойынша келісімшарттар жасалып, өнім жөнелтілді. Бұл жылдық жоспардың 85%-ын құрайды.

Егін жинау науқаны штаттық режимде жалғасуда. Егін жинау қарқынына, егістіктердің жай-күйіне, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ сақтауға түсіп жатқан астықтың көлемі мен сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашық деп жариялап, депутаттарға табыс тіледі, деп хабарлайды No-comment.kz - ...

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеумен қамту көлемін кеңейту бағытындағы...

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде: отандық дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі артып, өңірлердегі...