Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар.
Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен жүзеге асып отыр. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де жаңа мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді.
Биыл 12 қаңтарда «Жаңаөзен сүт зауытында» құрғақ түйе сүтін өндіретін цех іске қосылған болатын. Шұбат өндіру және құюға арналған жаңа цехтың ашылуы кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасы болды.
Осылайша, Маңғыстау өңірі елімізде алғашқылардың бірі болып маңызды қадам жасап, ұлттық сусынды мектеп тағамтану жүйесіне енгізіп отыр. Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушылары жергілікті жерде өндірілген табиғи шұбатпен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама балалардың денсаулығына қамқорлық жасаумен қатар, отандық өндірісті, ауыл шаруашылығын және түйе шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ ұлттық тағам дәстүрін дәріптеуге бағытталған.

