Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Онда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «KEGOC», «Самұрық-Энерго» компанияларының басшылары энергия көздері мен жылу желілерінің дайындығы, көмірмен қамтамасыз ету, әлеуметтік сала, ТКШ және инженерлік инфрақұрылым нысандарын дайындау туралы баяндады. Абай, Ақмола және Маңғыстау облыстарының әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр стансаларында 3 энергия блогы, 33 қазандық және 24 турбина жөнделуде. Электр энергетикасында 15,6 мың шақырым электр тарату желілерін, бұл жоспарланған көлемнің 91%-ы, сондай-ақ 372 қосалқы стансаны, бұл жоспарланған көлемнің 84%-ы, жөндеу аяқталды. Жылу желілерінде 246 шақырымдық жөндеу жұмыстары орындалды, бұл – жоспардың 65%-ы. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған, бұл өткен жылғы деңгейден 2%-ға артық. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда білім және денсаулық сақтау нысандарының 98%-ы және тұрғын үйлердің 95%-ы жылыту маусымына дайын етіп қойылды. 1,8 мың шақырым сумен жабдықтау желілерінің 1,3 мың шақырымы және 306 шақырым су бұру желілерінің 225 шақырымы жөнделді.
Премьер-министр аталған жұмыстарды қаржыландыру едәуір ұлғайғанын еске сала отырып, жөндеу науқанын уақтылы аяқтау қажеттігіне назар аударды.
«Мемлекет басшысы энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымның стратегиялық маңызын, сондай-ақ еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту қажеттігін әрдайым атап өтуде. Аталған мақсаттарға жыл сайын ауқымды қаражат бөлінеді. Биылдың өзінде энергия нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 851 млрд теңге көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға артық. Оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында биыл шамамен 384 млрд теңге бөлінді. Бұл 2025 жылғы жөндеу науқаны аясында бөлінген қаражаттан 15%-ға көп. Осындай көлемдегі қаржыландыру жағдайында жөндеу мерзімдерін ауыстыруға, жұмыс қарқынын бәсеңдетуге және бөлінген қаражаттың игерілмеуіне жол беруге болмайды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс барысында өңірлердегі жылыту маусымына дайындыққа назар аударылды. Премьер-министр оның басталуына бір айға жуық уақыт қалғанын, бұл ретте солтүстік өңірлерде дайындық жұмыстарын аяқтау кезеңі анағұрлым шектеулі екенін атап өтті. Осыған байланысты жөндеу науқанын жеделдету және өңірлердегі жұмыстардың уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-министр энергетика нысандарын қысқа дайындауға жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейту қажеттігіне өз алдына бөлек назар аударды. Әкімдіктерге орындалатын жұмыстардың барысын бақылауды күшейту және нақты басқарушылық шешімдер қабылдау тапсырылды. Энергетика министрлігіне жөндеу мерзімдерін ұзартудың әрбір фактісі бойынша әкімшілік шаралар қабылдау және жөндеу науқанының бұзылуына немесе кешіктірілуіне жол беретін басшылардың іс-әрекеттеріне түбегейлі баға беру тапсырылды.
Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлік паспорттарын алу жұмыстары басталды. Әкімдер энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуы, энергия көздерінің, жылу және электр желілерінің жай-күйін тұрақты негізде тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысы мен қажетті материалдық ресурстардың болуын бақылауда ұстауы қажет. Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кететін болса, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады.
Жалпы Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуі керек. Самұрық-Энерго жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуын ғана емес, жаңа қуаттарды іске қосуды да қамтамасыз етуі қажет. Ал KEGOC компаниясы желілер мен қосалқы стансаларды жөндеудің бекітілген кестесін орындауға тиіс.
Премьер-министр жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталуы тиіс екенін атап өтіп, осыған байланысты жауапты министрліктер мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:
Бірінші. Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірлерге әлеуметтік мазут жеткізу кестесін бекіту тапсырылды. Қазақстан темір жолы компаниясымен бірге бекітілген кестеге және көлемдерге сәйкес энергия нысандарына көмір мен мазутты уақтылы жеткізу бойынша шаралар қабылдау қажет.
«Халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен уақтылы қамтамасыз ету мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Көмірді өндіру мен тасымалдаудан бастап оны халыққа сатуға дейінгі бүкіл жеткізу тізбегіне қатаң бақылау орнату қажет. Өңірлерде көмір тапшылығы мен бағаның негізсіз өсуіне жол берілмесін. Бұл үдеріске қатысушылардың барлығы өз жұмысын көмірмен қамтамасыз етуге арналған қолданыстағы цифрлық платформа аясында ұйымдастыруға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Екінші. Артта қалған әкімдіктерге орын алған мәселелерді тез арада жою қажет. Жылу беру маусымын кестеге сәйкес бастау керек, сонымен қатар ауа-райының өзгеруі мен күннің суытуына қатысты уақтылы әрекет ету керек.
Үшінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауға алсын.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлер бойынша барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін жылуды іске қосуға толық дайын болуға тиіс
«Менің тапсырмам бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары барлық өңірлерді аралап, оның ішінде жылыту маусымына дайындық барысын да тексеріп келді. Нұрлыбек Машбекұлы, бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап, әр апта сайын өңірлердегі жағдай туралы маған баяндап тұрыңыз», — деп атап өтті Премьер-министр.

