Кәсіпкерлікті цифрландыру тек бизнестің жұмысын жеңілдететін технологиялық құрал емес. Онлайн-касса, тауарлық есеп, фискалдық деректер мен аналитикалық сервистерді бір жүйеге біріктіру кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттырып, бизнесті жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Шымкент қаласында кәсіпкерлерге таныстырылып жатқан Business GO цифрлық экожүйесінің негізгі міндеттерінің бірі де осы бағытпен байланысты.
Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілері шоғырланған орындарда Business GO мүмкіндіктерін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Кезекті кездесу «Рахима Плаза» сауда орталығында өтті. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев бастаған топ сауда орталығындағы кәсіпкерлерге жүйені пайдалану тәртібін түсіндіріп, оның мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Маусым айында іске қосылған Business GO бірнеше цифрлық құралды бірыңғай жеке кабинетке біріктіреді. Оның ішінде онлайн-касса, фискалдық деректер операторының қызметтері, тауарлық есепке алу жүйесі, маркетингтік құралдар мен аналитикалық сервистер бар. Яғни кәсіпкер күнделікті қызметіне қажетті бірнеше операцияны бір цифрлық ортада жүргізе алады.
Мұндай жүйенің маңызы әсіресе сауда саласында байқалады. Тауардың кірісі мен сатылымын есепке алу, кассалық операцияларды жүргізу және қаржылық көрсеткіштерді бақылау бизнестің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі. Бұл процестер цифрлық форматта жүйеленген жағдайда кәсіпкер өз қызметінің нақты жағдайын бақылап, шешімдерді жинақталған деректер негізінде қабылдай алады.
Сонымен бірге фискалдық құралдарды кәсіпкердің күнделікті жұмысына ыңғайлы форматта енгізу бизнесті заңды әрі ашық жүргізуге жағдай қалыптастырады. Бұл тұрғыдан цифрландыруды тек бақылау құралы ретінде емес, кәсіпкердің есеп жүргізуге жұмсайтын уақытын азайтып, бизнес-процестерін реттеуге көмектесетін мүмкіндік ретінде қарастыруға болады.
Business GO жобасының мақсаты да Қазақстандағы кәсіпкерлік мәдениетін өзгертіп, адал қызметті көлеңкелі жұмысқа қарағанда тиімді етуге бағытталған. Бұл міндет шағын бизнес үшін ерекше өзекті. Өйткені есеп жүргізудің күрделілігі мен бірнеше сервисті қатар пайдалану қажеттілігі кәсіпкерге қосымша әкімшілік жүктеме тудыруы мүмкін. Қажетті қызметтерді бір экожүйеге жинақтау осы процестерді оңайлатуға мүмкіндік береді.
Цифрлық есептің тағы бір артықшылығы – бизнестің өз қызметін талдау мүмкіндігі. Аналитикалық құралдар кәсіпкерге сатылым динамикасын бақылауға, тауар айналымын бағалауға және алдағы әрекеттерін жоспарлауға көмектеседі. Осылайша цифрландыру есептілікті жүргізумен ғана шектелмей, бизнесті басқару сапасына әсер ететін құралға айналады.
Шымкенттегі сауда орындарында Business GO туралы тікелей түсіндіру жүргізілуі де маңызды. Цифрлық өнімді іске қосу бір бөлек болса, оны кәсіпкерлердің нақты пайдалануына жеткізу – екінші міндет. Сондықтан бизнес өкілдеріне жүйенің жұмысын практикалық тұрғыдан түсіндіру цифрлық сервистердің қолданысын кеңейтуге ықпал етеді.
Шымкентте Business GO экожүйесін таныстыру арқылы бизнестің ашық әрі заманауи моделін қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Онлайн-касса, фискалдық есеп, тауар қозғалысы мен аналитиканы бір ортаға біріктіру кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтай отырып, күнделікті қызметін тиімдірек ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

