Шымкент қаласының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мегаполисте іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейде сақталғанын көрсетеді. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларындағы өсіммен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік қала экономикасының маңызды тірегіне айналып отыр. Бүгінде ШОБ секторында өндірілетін өнім көлемінің 4,7 трлн теңгеге жетуі оның өңір экономикасындағы рөлінің айтарлықтай күшейгенін аңғартады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Ескараевтың мәліметінше, қысқа мерзімді экономикалық өсім индексі 114,6%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Шымкент республика өңірлері арасында төртінші орынға ие болды.
Экономикалық өсім бірнеше негізгі саланың бір мезгілде жоғары динамика көрсетуімен ерекшеленеді. Өнеркәсіп өндірісі 11%-ға, құрылыс көлемі 12,9%-ға ұлғайды. Сауда саласында 21,8%-дық өсім тіркелсе, көлік қызметтері 14,3%-ға артты. Бұл көрсеткіштер қаладағы өндірістік және кәсіпкерлік белсенділіктің тек бір бағытпен шектелмей, экономиканың әртүрлі секторларын қамтып отырғанын көрсетеді.
Шымкент экономикасындағы шағын және орта бизнестің орны ерекше. Қазіргі уақытта аталған секторда 259 мың адам еңбек етеді. ШОБ өндірген өнім көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, оның қала экономикасындағы үлесі 56%-ды құрады. Яғни, қала экономикасында қалыптасатын өнімнің жартысынан астамы кәсіпкерлік сектордың үлесіне тиесілі.
Бұл көрсеткіш Шымкент үшін шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызын арттыра түседі. Кәсіпкерліктің кеңеюі ішкі нарықтағы тауарлар мен қызметтердің ұсынысын көбейтіп, өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрақты бизнес ортаның қалыптасуы жаңа кәсіпорындардың ашылуына және экономиканың әртараптануына негіз болады.
Экономикалық белсенділік жұмыспен қамту көрсеткіштерінен де байқалады. Бірінші жартыжылдықта жұмыспен қамту шараларымен 16 мыңнан астам адам қамтылып, 9 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Нәтижесінде қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан 4,6%-ға төмендеді.
Қаланың тұрақты дамуы экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Ситуациялық орталыққа есепті кезеңде тұрғындардан 184,6 мың өтініш түсіп, оның 87,8%-ы орындалған. Өтініштердің басым бөлігінің коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымға қатысты болуы қаланың өсу қарқынына сәйкес инженерлік және қоғамдық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижелері Шымкентте кәсіпкерлік сектордың экономикалық өсімге тікелей ықпал етіп отырғанын айқындайды. ШОБ үлесінің 56%-ға жетуі кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті кеңейту және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастырудың қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызын көрсетіп отыр.

