Еліміздің тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына көпке үлгі болып жүрген Қожамжаровтар отбасы да қатысып, өз таңдауын жасады. Осы жылы қалалық «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының жеңімпазы атанған бұл әулет №285 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Берекелі шаңырақ иесі Сейдахмет Қожамжаров отбасы мүшелерімен қоса көршілерін де сайлауға қатысуға шақырғанын айтты.
-Сайлауды қуаттаймыз. Бір кісідей дауыс беруге отбасыммен бірге көршілерімді де ертіп келдім. Еліміздің болашағы осы сайлаудың нәтижесіне байланысты. Сондықтан әр азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамауы керек», – деді С.Қожамжаров.
№136 мектеп ғимаратында орналасқан №285 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ақбаян Ешенбаеваның айтуынша, учаскеде барлығы 2948 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру басталғалы 3 сағаттан асты. Осы уақытқа дейін 100-ден аса сайлаушы өз таңдауын жасаған. Олардың қатарында алғашқы болып дауыс берген 86 жастағы қария мен биыл 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысқан екі жас сайлаушы да бар. Учаскелік комиссия тарапынан оларға арнайы сыйлықтар табысталған. Белсенділік танытқан Қожамжаровтар отбасы да естелік сыйлықтарға ие болды.

