Түркістан қаласында отандық кәсіпкерлікті дамыту және өңірдегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бизнестің тұрақты дамуы үшін өндіріс орындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы мақсатта Түркістанда дуальды оқыту жүйесін жетілдіруге және кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған 16 сағаттық оқыту курсы ұйымдастырылды.
Курс Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткізіліп, өңірдегі дуальды оқыту жүйесіне қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың тәлімгерлерін бір алаңға жинады. Мұндай оқыту бағдарламалары жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайтып, кәсіпкерлердің сұранысына сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Екі күнге жоспарланған оқу бағдарламасын Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс пен бөлім сарапшысы Гүлдана Абданқұл жүргізді. Оқыту барысында қатысушылар дуальды оқыту жүйесінің нормативтік-құқықтық негіздерімен, жұмыс орнындағы оқыту процесін жоспарлау және ұйымдастыру тетіктерімен, сондай-ақ өндірістік оқытудың заманауи педагогикалық әдістерімен жан-жақты танысты.
Бағдарлама аясында тәлімгерлердің құқықтары мен міндеттері, кәсіпорын мен колледж арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдері, өндірістік тәжірибені тиімді ұйымдастыру жолдары және студенттердің кәсіби дағдыларын қалыптастырудың жаңа тәсілдері кеңінен түсіндірілді. Бұл білім кәсіпорындардағы тәлімгерлердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, өндірістегі оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Курс барысында «Түркістан Болашақ» колледжі директорының міндетін атқарушы Талғат Андабай дуальды оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында іске асырудың ерекшеліктеріне тоқталды. Ал «Кентау политехникалық колледжінің» оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директор орынбасары Нұржамал Джумартбаева өндірістік оқытудың педагогикалық негіздері бойынша тәжірибелік ақпаратпен бөлісті.
Бүгінде Түркістан қаласы мен облысында кәсіпкерліктің дамуы үшін білікті кадрлар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Себебі жаңа өндіріс орындарының, қызмет көрсету кәсіпорындарының және шағын және орта бизнес субъектілерінің тиімді жұмыс істеуі ең алдымен кәсіби мамандардың сапасына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда дуальды оқыту жүйесі білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай кадр даярлаудың тиімді құралына айналып отыр.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы Гүлдана Абданқұлдың айтуынша, дуальды оқыту теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын тиімді модель ретінде өз нәтижесін көрсетіп келеді. Оның мәліметінше, студенттер колледжде білім алып қана қоймай, кәсіпорындарда нақты өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбек нарығына дайын маман ретінде қалыптасады.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 36 колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Бағдарлама 12 сала мен 68 мамандықты қамтиды. Ал 2025 жылы дуальды оқыту аясында 9 мыңнан астам келісімшарт жасалып, студенттер кәсіпорындарда білім алуда. Бұл көрсеткіш өңірдегі кәсіпкерлердің кадр даярлау үдерісіне белсенді қатысып отырғанын көрсетеді.
Дуальды оқыту жүйесінің басты артықшылықтарының бірі – жұмыс беруші мен білім беру ұйымының тікелей әріптестігі. Студенттер оқу барысында болашақ жұмыс орнымен ерте танысып, кәсіпорындардың нақты өндірістік процесіне қатысады. Нәтижесінде жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды алдын ала даярлап, оларды жұмысқа қабылдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл кәсіпорындардың кадр тапшылығын азайтып, өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Түркістан қаласында мұндай бастамалар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік шаралардың маңызды бөлігіне айналып келеді. Бизнестің сұранысына бейімделген кадр даярлау жүйесі жаңа өндірістердің ашылуына, инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуына және өңір экономикасының тұрақты дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар тәжірибелі тәлімгерлердің көбеюі өндірістегі еңбек өнімділігін арттырып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Іс-шара соңында қатысушылар жұмыс орнында оқытуды тиімді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасып, тәлімгерлік институтын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ дуальды оқыту жүйесінің кәсіпкерлік субъектілерін білікті мамандармен қамтамасыз етудегі және Түркістан қаласының экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызына ерекше назар аударылды.
Түркістан қаласында кәсіпкерлік ортаны дамытуға бағытталған мұндай бастамалар бизнес пен білім беру ұйымдарының өзара ықпалдастығын күшейтіп, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға жол ашуда. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерліктің тұрақты дамуына, кәсіпорындардың тиімділігінің артуына және қаланың инвестициялық тартымдылығының нығаюына берік негіз қалыптастырып келеді.

