Түркістан облысында туризмді дамыту, қалалық инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы бастамалардың бірі – Түркістан қаласында қолға алынған «KÖNE ARBAT» туристік маршрутының жобасы. Жаңа жоба тарихи қаланың туристік тартымдылығын арттырумен қатар, қызмет көрсету саласын дамытуға, шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге және ішкі нарықтың белсенділігін күшейтуге бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, жобаның тұжырымдамасымен және жоспарланған нысандардың сәулеттік шешімдерімен танысты. Кездесу барысында жобаның туристерге қолайлы орта қалыптастырудағы және қаланың экономикалық дамуына қосатын үлесі жан-жақты талқыланды.
Жоба 0,98 гектар аумақты қамтиды. Жалпы аумағы 8307,40 шаршы метрді құрайтын жаңа туристік кеңістік қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, кәсіпкерлік қызметтің жаңа бағыттарының дамуына жағдай жасайды. Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, бұл бастама Түркістанның тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға негізделген.
Жоба аясында арбат аумағын кеңейту көзделген. Сонымен бірге кәсіпкерлік қызметті дамытуға арналған коммерциялық нысандар, ашық террасалар, кең автотұрақ және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылады. Коммерциялық үй-жайлардың жалпы ауданы 1090,94 шаршы метрді, террасалардың көлемі 368 шаршы метрді құрайды. Автотұрақ үшін 4225 шаршы метр жер бөлінсе, абаттандырылатын аумақтың көлемі 2283 шаршы метрге жетеді.
Бұл инфрақұрылым шағын және орта бизнес субъектілеріне қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, сауда және туристік сервистерді дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Жаңа коммерциялық кеңістіктердің ашылуы жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын жандандырып, ішкі нарықтағы іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Жобада туристердің сұранысына сай әртүрлі мәдени және қоғамдық нысандар қарастырылған. Атап айтқанда, жаңа кеңістікте көрме залдары, кофеханалар, экспозициялық орындар, ашық қоғамдық алаңдар, реставрациялық шеберханалар, көлеңкелі демалыс аймақтары және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған арнайы алаңдар орналасады. Мұндай кешенді инфрақұрылым туристердің қалада ұзақ уақыт аялдауына және жергілікті бизнес қызметтерін көбірек пайдалануына мүмкіндік береді.
Жоба авторлары этномұражай салу жөнінде де ұсыныс енгізді. Бұл нысан тарихи мұра мен қазіргі сәулет өнерін үйлестіретін ерекше мәдени кеңістік ретінде жобаланған. Оның сәулеттік тұжырымдамасы көне түркі дүниетанымындағы «Үш әлем» идеясын негізге алады. Су айдындары, сәулеттік композициялар мен демалыс аймақтары келушілерге тарихи атмосфераны сезінуге мүмкіндік беріп, қаланың туристік ерекшелігін айқындай түседі.
Сонымен қатар жоба құрамында креативті индустрияларды дамытуға арналған заманауи шығармашылық орталық құру ұсынылған. Бұл кеңістікте мәдени жобалар жүзеге асырылып, шығармашылық білім беру бағдарламалары ұйымдастырылады, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени бастамаларға қолдау көрсетіледі. Мұндай орталықтың ашылуы шығармашылық кәсіпкерліктің дамуына және жаңа бизнес бағыттарының қалыптасуына ықпал етеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның Түркістанның туристік әлеуетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тарихи қаланың сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып жүзеге асырылатын мұндай жобалар туристер санын көбейтіп қана қоймай, кәсіпкерлік ортаның кеңеюіне және өңір экономикасының дамуына оң әсер етеді.
Өңір басшысы жауапты сала мамандарына жобаны тарихи сәулет үлгілерімен үйлестіре жетілдіруді, құрылыс пен абаттандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды және барлық жоспарланған іс-шараларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
«KÖNE ARBAT» туристік маршрутының жүзеге асырылуы Түркістан қаласының туристік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба қызмет көрсету саласының дамуына, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға, ішкі нарықтағы экономикалық белсенділікті күшейтуге және мәдени туризмді дамытуға серпін береді. Бұл бастама Түркістанның тарихи мұрасын сақтай отырып, оны заманауи туристік және кәсіпкерлік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

