Түркістанда жаңа аквапарк құрылысы туризм мен кәсіпкерліктің дамуына серпін береді

Түркістанда жаңа аквапарк құрылысы туризм мен кәсіпкерліктің дамуына серпін береді

Түркістан қаласында туризм индустриясын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Turan» аквапарк-су саябағының құрылысы белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жалғасып жатыр. Бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қызмет көрсету саласының әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Туристік-сауықтыру кешені «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бой көтеруде. Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен ұйымдастырылып, қазіргі таңда құрылыс алаңында 160 жұмысшы тәулік бойы еңбек етуде. Нысанның құрылысы үш кезеңге бөлінген және әр кезең жоспарланған мерзімге сәйкес жүзеге асырылуда.

Инвестор ұсынған мәліметке сәйкес, жобаның алғашқы кезеңін осы жылдың тамыз айында аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл кезеңде келушілерді қабылдау және тіркеу орталығы, киім ауыстыратын бөлмелері бар ғимарат, шомылу аймағы мен заманауи су аттракциондары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар айналмалы аквапарк іске қосылып, келушілерге алғашқы қызмет түрлері ұсынылады.

Аквапарк пен туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы биылғы жылдың наурыз айында басталған. Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын кешен толық пайдалануға берілгеннен кейін жылына 200 мыңға дейін турист қабылдауға қауқарлы болады. Бұл көрсеткіш Түркістанның ішкі және халықаралық туризм нарығындағы орнын нығайтуға елеулі үлес қосады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Өңір басшысы мұндай ірі инвестициялық бастамалардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Түркістанға келетін туристер саны тұрақты түрде артып келеді. Сондықтан халықаралық талаптарға сай жаңа демалыс орындарының ашылуы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар жобаның қауіпсіздік талаптарына және халықаралық стандарттарға толық сәйкес жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті.

Жобаны жүзеге асырып жатқан «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co.Ltd.» ЖШС директоры Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын айтты. Оның пікірінше, өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қолдау инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді. Мұндай ынтымақтастық жаңа инвестициялардың тартылуына және өңір экономикасының тұрақты дамуына оң әсер етеді.

Жобаның тағы бір маңызды нәтижесі – тұрақты жұмыспен қамтуды кеңейту. Аквапарк толық іске қосылған кезде 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуына және қызмет көрсету саласында жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына ықпал етеді.

Құрылыстың екінші және үшінші кезеңдерінде кешеннің мүмкіндіктері одан әрі кеңейтіледі. Жоспарға сәйкес, отбасылық демалыс аймағы, қонақ үй, мейрамхана және әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары бой көтереді. Сонымен қатар алып толқын бассейндері мен түрлі демалыс аймақтары салынып, келушілерге жайлы әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға барлық жағдай жасалады. Жобаның толық аяқталуы 2028 жылға жоспарланған.

«Turan» аквапаркі тек ойын-сауық нысаны ғана емес, өңірдегі кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына серпін беретін маңызды инвестициялық жоба саналады. Кешеннің іске қосылуы шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй бизнесінің дамуына оң ықпал етеді. Сонымен қатар өңірдің туристік инфрақұрылымы кеңейіп, ішкі нарықтағы қызметтердің сапасы артады.

Мұндай ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы Түркістанның халықаралық туристік орталық ретіндегі беделін нығайтып қана қоймай, инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа кәсіпкерлік бастамалардың дамуына және өңір экономикасының тұрақты өсіміне берік негіз қалайды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ