Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Аризона университетінің президенті, доктор Суреш Гаримелламен білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан үшін басым салалар бойынша бірлескен академиялық бағдарламаларды, ғылыми зерттеулер мен технологиялар трансферін кеңейту перспективалары қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Аризона университеті еліміздің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс аясында білім беру саласындағы ынтымақтастық орнатылған алғашқы шетелдік жоғары оқу орындарының бірі болды. Бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында стратегиялық әріптестік орнаған. Бірлескен бағдарламалар бойынша 1,2 мыңнан астам студент оқиды. Биыл алғашқы түлектер оқуын аяқтайды.
«Қазақстанның жаңа Конституциясы білім, ғылым және инновацияны мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде айқындайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытуды еліміздің басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Біз үздік халықаралық тәжірибелерді енгізіп, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейте отырып, өңірлік академиялық және зерттеу хабын қалыптастыратын боламыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла Қозыбаев университетімен ынтымақтастықта қолға алынған пилоттық жобаның сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті. Бірлескен бағдарламадағы басымдықтардың бірі – ғылыми зерттеулерді дамыту екенін айтты.
«Біз білім берудегі ынтымақтастық моделін Қозыбаев университетінде қолдандық, сол арқылы студенттердің көп санын қамти отырып, сіздің елдегі басқа да жоғары оқу орындарында кеңінен таратуға болатынын дәлелдедік. Өзіміз үшін үш негізгі басымдықты таңдадық, олар – студенттердің жетістігі, ғылыми зерттеулер және қоғамға қызмет ету мен жергілікті қауымдастықтардың дамуы. Осы басымдықтардың әрқайсысы Қозыбаев университетінде шетелде оқу, қатысу, білім беру және басқа да бағыттар арқылы жүзеге асырылады», — деп атап өтті Суреш Гаримелла.
Кездесу барысында ғылыми-зерттеу кооперациясына назар аударылды. Қозыбаев университеті мен Аризона университеті су ресурстары, агрогеномика, биоинформатика, күкірт өңдеу, жасанды интеллект, цифрлық денсаулық сақтау және инклюзивті білім беру салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
Жобалардың бірі Солтүстік Қазақстан облысының су ресурстарына мониторинг жүргізуге, тазартуға және ұтымды пайдалануға бағытталған. Ауыл шаруашылығы дақылдарының геномдық селекциясы және Қазақстанның бірегей жануарлары мен өсімдіктерінің, оның ішінде Каспий итбалығы мен Грейг қызғалдағының генофондын сақтау бағытында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Күкіртті қайта өңдеу технологияларын әзірлеу және қосылған құны жоғары өнімдерді – жоғары технологиялық материалдар, тыңайтқыштар мен сорбенттерді шығару бойынша жоба жүзеге асырылуда.
Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытудың және кадрлар даярлау сапасын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.


