Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте газ саласын дамыту мәселесі қаралды

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте газ саласын дамыту мәселесі қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Премьер-министр газ саласын дамыту энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, тұрақты экономиканың өсіміне қол жеткізудің және халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді. Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді және Перспективалы жаңа кен орындарын игеру жоспарларын бекітті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «QazaqGaz» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 68,2 млрд текше метрді құрады. Биылғы бес айда 25,9 млрд текше метр газ өндірілді. 2026 жылға арналған жоспар – 64,5 млрд текше метр. 2025 жылы тауарлық газ өндірісі 27,4 млрд текше метрді құрады. 2026 жылы бұл көрсеткішті 27,4 млрд текше метр деңгейінде сақтау жоспарланып отыр. Биылғы бес айда 10 млрд текше метр тауарлық газ өндірілді.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті. Табиғи газға қолжетімділік 13,1 млн адамды қамтып отыр. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты газдандыру деңгейін 80%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Болжамды теңгерімге сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда тауарлық газ өндірісі 31,3 млрд текше метрді құрайды. Бұл көлем халықты газдандыру деңгейін арттыруды ескере отырып, ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов экономиканың дамуы халық пен өнеркәсіп тарапынан газға сұраныстың тұрақты өсуімен қатар жүретінін, сондықтан саланы дамыту озық қарқынмен жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» АҚ және «QazaqGaz» АҚ-ға Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен газ өңдеу қуаттарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын апта сайын бақылау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл жобалар ішкі нарық үшін тауарлы газ өндірісін арттырып, мұнай-газ химиясы саласын дамытудың драйвері болуы тиіс.

Ресурстық базаны дамыту шеңберінде Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, жаңа перспективалы учаскелерді геологиялық зерттеуге тартуды жеделдету, заманауи барлау технологияларын белсенді түрде енгізіп, жеке инвестиция тарту үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау тапсырылды. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ «Есіл – Астана» жаңа газ құбырын  салудың стратегиялық маңызы зор. Бұл жобалар астананы, оңтүстік және солтүстік өңірлерді газбен қамту сапасын арттырып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтады.

Өңір әкімдіктеріне магистралды инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін жергілікті газ тарату желілерінің дайындық деңгейімен үйлестіру тапсырылды. Бұл ретте тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер санымен өлшенуі тиіс.

Саланы цифрлық трансформациялау мақсатында Жасанды интеллект министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды қамтамасыз ету тапсырылды.  Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, бір ай мерзімде сұйытылған газ өндіру көлемін арттырудың нақты жоспарын ұсыну және оның көлемін өңірлер арасында, сондай-ақ өңірлер ішінде газ көлемін бөлудің ашық тетігін енгізу тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. 

Бірінші. Ұлттық экономика министрлігіне Энергетика министрлігімен,  сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі ай ішінде халықты әділ атаулы қолдауды сақтап, жаңа ынталандырушы тарифтік саясат жөніндегі ұсыныстарды Үкіметке енгізу тапсырылды.

Екінші. Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бір ай мерзімде тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын мұнай-газ жабдықтарының номенклатурасын бекіту тапсырылды.

Үшінші. Елімізде тұтынудың тұрақты өсуі жағдайында қолжетімді газ көлемі бірінші кезекте тұрғындардың қажеттіліктеріне және жоғары технологиялық өндірістерінің дамуына бағытталуы тиіс. 

Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тауарлық газға қосылғысы келетін жаңа өндіріс орындары үшін энергия тиімділігінің критерийлерін бір ай ішінде әзірлеу қажет.

Ресурс көлемін энергияны көп қажет ететін және тиімділігі төмен өндірістерге бөлу тәжірибесін тоқтату керек. 

Тапсырмаларды бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

В Южно-Казахстанском исследовательском университете имени М. Ауэзова прошел круглый стол, посвященный популяризации и разъяснению Новой Конституции. В этом престижном вузе...