Ақтау гарнизонында әртүрлі кемелер дивизионының базасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының әскери-теңіз кафедрасы курсанттары үшін тәжірибелік оқу ұйымдастырылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Теңіз тәжірибесі барысында курсанттар Әскери-теңіз күштерінің қолданыстағы бөлімдері мен бөлімшелерінде даярлықтан өтіп, вахталық және штурмандық қызмет дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар, кемедегі қызметтің ұйымдастырылу тәртібін меңгеріп, теңіздегі нақты жағдайларға барынша жақын ортада оқу-жаттығу тапсырмаларын орындайды.
Сабақ басталар алдында курсанттар қауіпсіздік талаптары бойынша міндетті нұсқамадан өтіп, бөлімшелерге бөлініп, жеке сынақ парақтарымен қамтамасыз етілді.
Оқу барысында экипаждың апаттық жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарына, сүңгуір жабдықтарын меңгеруге, сондай-ақ суда құтқару және тіршілік ету тәсілдерін үйренуге ерекше назар аударылады. Практикалық сабақтар жауынгерлік кемелердің бортында және мамандандырылған оқу-жаттығу орталықтарында өткізіледі.
– Теориялық білім тәжірибеде қолданылған кезде ғана шынайы құндылыққа ие болады. Теңіз тәжірибесі барысында курсанттар экипаж құрамында жұмыс істеуді, уақыт шектеулі жағдайда шешім қабылдауды, өз әрекеттері үшін жауапкершілік алуды және теңіз қызметінің ерекшеліктерін түсінуді үйренеді. Дәл осы кезеңде болашақ Әскери-теңіз күштері офицеріне тән кәсіби қасиеттер қалыптасады, – деді әскери-теңіз факультетінің бастығы 1-ші дәрежелі капитан Артур Тудаков.
Әскери мамандарды даярлаудың маңызды кезеңдерінің бірі саналатын теңіз тәжірибесі шілде айының соңына дейін жалғасады. Кәсіби даярлықпен қатар курсанттар үшін мәдени-танымдық бағдарлама да ұйымдастырылған. Олар музейлерді аралап, Ақтаудың тарихи және көрікті орындарымен танысады.


