Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент тапсырмасына сәйкес, Астана қаласында ашылған Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа ғимаратындағы технологиялық жарақтандыру деңгейімен және білім беру жағдайымен танысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
«1 шілдеде жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Онда адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақ ұлттық спорт университеті ашылды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет спорт, білім беру, медицина және инновация тоғысында ұлттық мекеменің іске қосылуы біздің құндылық бағдарларымызды айқын көрсетеді. Біз жаңа буын мамандарын даярлап жатырмыз», — деп атап өтті Премьер-министр.
Университет «Жаттықтырушылық қызмет», «Спорт ғылымдары» білім беру бағдарламалары бойынша, сондай-ақ спорттық медицина және оңалту, спорт журналистикасы, менеджмент, спорттағы жасанды интеллект және аналитика, киберспорт және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Бүгінде Қазақ ұлттық спорт университеті Eklore-ed School of Management, Corvinus University, University of Guglielmo Marconi, Swiss Institute и Hungarian University of Sports Science секілді шетелдік жетекші серіктестермен бірлесіп, қос дипломды білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты және спорт ғылымын дамыту жұмыстарын жүзеге асыруда. Xinhua Daily Media Group пен Nanjing Polytechnic Institute қатысуымен спорт журналистикасы медиа орталығы құрылуда.
Сонымен қатар ЖОО аумағында қауіпсіздік, адал спорт және талантты жастарды қолдау саласындағы жобалар жүзеге асырылуда. Олардың ішінде құтқару инновациялары және алғашқы көмек орталығы бар, онда 3,5 мыңнан астам педагог оқытылып, 100-ден астам халықаралық сарапшы-жаттықтырушылар дайындалды. Әйелдердің спорттағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ҚР әйелдер бастамасы, сондай-ақ Life Chance Grant және Merit Grant грант бағдарламалары да жүзеге асырылуда.
Мұнда спорттық медицина және оңалту орталығы да дамып келеді. Ол спортшыларды диагностикалау, емдеу, қалпына келтіру және ғылыми қолдаудың заманауи технологияларын біріктіреді. Білім, клиникалық практика мен ғылымды интеграциялау жаңа буын мамандарын даярлауға және қалпына келтірудің заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
Премьер-министр Қазақ ұлттық спорт университеті білім, ғылым мен практиканы интеграциялау орталығы, сондай-ақ білікті мамандарды даярлаудың озық өңірлік орталығы болуға тиіс екенін атап өтті.
«Студенттер Президенттің Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жөніндегі идеясын нақты жүзеге асырып, жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдықтың шынайы жақтастары болғаны маңызды. Сондықтан профессорлық-оқытушылық құрам білім алушылардың бойына Жаңа Конституцияда айқындалған еңбекқорлық, озық ойлы ұлт және білім құндылықтарын сіңіруге ерекше мән беруі қажет. Қазақ ұлттық спорт университеті отандық спортты дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және еліміздің халықаралық беделін нығайтуға қомақты үлес қосатынына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жоғары оқу орнын аралау барысында ғылыми жетістіктер көрмесінде Премьер-министрге, сондай-ақ, жаттығу процесінің сапасын арттыруға және спортшыларды медициналық сүйемелдеуге бағытталған әзірлемелер, соның ішінде Smart Performance Assessment, Sport Science Control Center + My KNUS, AI Video Analytics for Sports and Digital Biomechanics Lab, Smart Table Tennis AI Center, Sport Media Convergence Co-Creation Lab и Smart Golf AI Lab зертханасы таныстырылды. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық спорт университетінде спортта жасанды интеллект пен дербестендірілген тәсілді қолдану жөніндегі ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Олардың бірі орта және егде жастағы адамдарды жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, бұқаралық спортқа тартуға бағытталған. Тағы бір жоба дербестендірілген тәсіл мен медициналық-биологиялық зерттеулер және жасанды гипоксиялық жаттығулар негізінде қазақ күресімен шұғылданатын спортшылардың даярлығын жетілдіруге арналған.
Анықтама:
Университет студенті Дарын Тұяқ спортшының функционалдық жағдайын кешенді бағалауға арналған Smart Performance Assessment әзірлемесін таныстырды. Жүйе тыныс алу көрсеткіштерін, өкпенің желдетілу деңгейін, жүрек соғу жиілігін және қандағы оттегімен қанығу деңгейін талдайды. Сондай-ақ деректерді автоматты түрде өңдеп, спортшының цифрлық профилін қалыптастырады. Мұндай тәсіл спортшының дайындығын жедел бағалауға және жаттығу жүктемесін дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Студент Айбике Өскенбай MY KNUS платформасы мен SportAI қосымшасының жұмысын таныстырды. MY KNUS «бір терезе» қағидаты бойынша әзірленіп, университеттің білім беру, әкімшілік және сервистік үдерістерін бір мобильді қосымшаға біріктіреді. Ал SportAI спортшылардың цифрлық профилін қалыптастырып, тағылатын смарт-құрылғылардан алынған деректерді біріктіреді. Жүйе жаттығу жүктемесін, спортшының функционалдық жағдайын, жарақат алу тәуекелдерін және қимыл-қозғалыс техникасын талдайды. Мұндай цифрлық шешімдер спортшыларды даярлауда ғылыми негізделген тәсілді қолдануға мүмкіндік береді.
Тағы бір әзірлеме – AI Video Analytics for Sports and Digital Biomechanics Lab. Ол компьютерлік көру технологиялары мен цифрлық биомеханиканы қолдана отырып, спортшылардың қимыл-қозғалысын объективті талдауға арналған. Жүйенің жұмысын студент Әл-Фараби Құбайдолла таныстырды. Платформа спортшы денесінің негізгі нүктелерін тіркеп, қимыл-қозғалысты орындау техникасын талдайды және жаттығу процесінің тиімділігін арттыру мақсатында мамандарға қозғалыс белсенділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Smart Table Tennis AI Center спортшыларды үстел теннисіне дайындау үшін спорт ғылымын, компьютерлік көруді және цифрлық талдау әдістерін біріктіреді. Студент Тамерлан Балташ оның даму мүмкіндіктерін айқын көрсетті. Жүйе нақты уақыт режимінде қозғалыс биомеханикасын, доптың ұшу траекториясы мен жылдамдығын, соққылардың дәлдігін және ойын әрекеттерін бағалайды, жаттығу процесін оңтайландыру үшін аналитикалық ұсыныстар жасайды.
Университет қызметкері Айгүл Ташетова Xinhua Daily Media Group-пен бірлесіп құрылған Sport Media Convergence Co-Creation Lab зертханасын ұсынды. Зертхана спорттық журналистика, медиа-өндіріс және цифрлық коммуникациялар, соның ішінде спорттық жарыстарды комментаторлық сүйемелдеу, хабар тарату және мультимедиялық контент құру саласындағы мамандарды практикалық даярлауға арналған.
Студент Айсара Бисенова Smart Golf AI Lab. жобасын ұсынды. Жоба бейне және спорттық аналитиканы, спортшылардың цифрлық профильдерін және виртуалды гольф-симуляторын пайдаланады, бұл өңірге қарамастан сапалы оқытуға қолжетімділікті кеңейтуге және оқу процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.


