Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты мерекелік концерт өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен «Шымсити» саябағында өткен мәдени шара ел бірлігін дәріптеді.
Концерттің негізгі мақсаты – Ата Заңның қоғамдағы айрықша рөлін кеңінен насихаттау, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, тәуелсіздік пен ел бірлігінің маңызын ұғындыру болды.
Мерекелік кеш барысында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары мен қаланың танымал әншілері сахнаға шығып, Отанға деген сүйіспеншілік пен елдік рухты дәріптейтін патриоттық әндерді орындады. Әуезді әндер мен әсерлі қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің көркін аша түсті.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынов Жаңа Конституцияның ел болашағы үшін тарихи маңызын атап өтті.
- Конституция мемлекетіміздің берік іргетасы, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің кепілі. Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру бағытындағы маңызды қағидаттар айқындалған. Бүгінгі мерекелік концерт халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған тағылымды шара деп білемін. Әрбір азамат Ата Заңды құрметтеп, оның құндылықтарын өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет, – деді Мөлдір Оңдасынова.
Конституцияның преамбуласында Қазақстан халқының мемлекеттілікті нығайту, Ұлы Даланың тарихи сабақтастығын сақтау, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, заң мен тәртіп қағидатын ұстану, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, бірлік пен татулықты сақтау, ғылым, білім, мәдениет және инновацияны дамыту, табиғатты қорғау, бейбітшілік пен достықты дәріптеу жолындағы ортақ ұстанымы айқын көрініс тапқан.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқын Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, Ата Заңның еліміздің демократиялық дамуы мен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты құжат екенін атап өткен болатын.
Мерекелік концертке жиналған қала тұрғындары мен қонақтары көтеріңкі көңіл күйде патриоттық әндерді бірге шырқап, елдің басты құжатына деген құрметін білдірді.


