Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Магомедрасул Магомедов Үндістандағы әлемдік деңгейдегі супертурнирде табысты өнер көрсетті

Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Магомедрасул Магомедов Үндістандағы әлемдік деңгейдегі супертурнирде табысты өнер көрсетті

Қазақстанның регби-7 ұлттық құрамасының капитаны Магомедрасул Магомедов отандық спорт тарихына тағы бір жарқын жетістік жазды. Ол 28 маусымда Үндістанның Хайдарабад қаласында мәресіне жеткен ауқымды коммерциялық франшизалық «HSBC Rugby Premier League» (RPL) 2026 турнирінің екінші маусымындағы өнерін сәтті аяқтады.

Магомедов турнир барысында үздік франшизалардың бірі – «Bengaluru Bravehearts» командасының намысын қорғап, шабуыл шебіндегі ойыншы ретінде №23 нөмірмен өнер көрсетті. Хайдарабадтағы Gachibowli стадионында өткен екі апталық тартысты дода қорытындысы бойынша «Бенгалуру» командасы сенімді ойын өрнегін көрсетіп, беделді турнирдің қола жүлдесін иеленді.

Үндістанның Rugby Premier League (RPL) жарысы қазіргі регби-7 әлеміндегі ең ауқымды әрі бірегей коммерциялық жобалардың бірі саналады. Турнир Үндістан регби федерациясы мен GMR Sports холдингінің қолдауымен ұйымдастырылып, крикеттегі әйгілі IPL үлгісі негізінде өткізілуде. Сондықтан да бұл дода әлемнің ең үздік регбишілерін бір алаңға жинайтын беделді жарысқа айналды.

Биылғы маусымда лигада Жаңа Зеландия, Фиджи, Оңтүстік Африка Республикасы, Австралия, Аргентина және Ирландия құрамаларының әлемдік серияларда өнер көрсетіп жүрген жұлдыздары бақ сынады. Қатаң драфт жүйесі арқылы әлемдік деңгейдегі ойыншылар, үндістандық спортшылар және дамушы регби елдерінің үздік легионерлері бір команда құрамында топтастырылды.

Осындай беделді турнирге Қазақстан ұлттық құрамасының капитанының шақырылуы – қазақстандық регби мектебінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

«Bengaluru Bravehearts» сапындағы өнер Магомедрасул Магомедов үшін мансабындағы маңызды белестердің біріне айналды. Қазақстандық капитан әлемдік регбидің беткеұстар ойыншыларымен бір алаңда өнер көрсетіп қана қоймай, олармен тең дәрежеде бәсекеге түсе білді.

Оның австралиялық Генри Хатчисон мен аргентиналық Лусиано Гонсалес секілді әлемдік жұлдыздарға қарсы сәтті қорғаныс әрекеттері мен алаң ортасындағы белсенді шабуылдары қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы ең жоғары деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Магомедовтың RPL 2026 турниріне қатысуы әлемдік регби қауымдастығының назарын Қазақстанға аударып, еліміздің жоғары деңгейдегі спорт шеберлерін тәрбиелейтін мемлекет ретінде танылуына ықпал етті. Коммерциялық лигадағы қарқынды ойын кестесінде жинақталған баға жетпес тәжірибе мен тактикалық машықтар енді ұлттық құраманың игілігіне қызмет етпек.

«Үндістандағы RPL секілді беделді турнирде біздің капитанның өнер көрсетуі – тарихи оқиға. Магомедрасул жарысқа жай қатысушы ретінде барған жоқ, ол олимпиада чемпиондары мен Әлемдік серия жұлдыздарына қарсы ойнап, командасымен бірге қола медаль жеңіп алды. Бұл тәжірибе алдағы маңызды Азия додалары қарсаңында ұлттық құрамамыз үшін үлкен серпін беретіні сөзсіз», – деп атап өтті Қазақстан регби федерациясында.

Қазақстан регби федерациясы Магомедрасул Магомедовты Rugby Premier League 2026 турнирінің қола жүлдесін жеңіп алуымен құттықтап, ұлттық құрама сапындағы жаңа жеңістерге бірге жету үшін капитанның елге оралуын асыға күтеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстанның регби-7 ұлттық құрамасының капитаны Магомедрасул Магомедов отандық спорт тарихына тағы бір жарқын жетістік жазды. Ол 28 маусымда...

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі су...