Астанада зияткерлік даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арналған инклюзивті кәсіптік білім беру топтарының алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Аталған жоба осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен ашылып, Қазақстандағы осындай бағыттағы алғашқы бастамаға айналды. Жобаның бастамашысы – Bolashak Charity қоғамдық қоры.
Елордадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің базасында «Кондитерлік іс» және «Тігін ісі» мамандықтары бойынша арнайы топтар ашылды. Бұл жерде жастар кәсіп меңгеріп, өз бетінше еңбек етуге қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік алды. Бүгінде түлектердің бірқатары алған мамандығы бойынша елордадағы кондитерлік цехтарда еңбек етіп жүр.
Жобаның табысты жүзеге асуы оны одан әрі дамытуға негіз болды. Өткен жылы осындай арнайы топтар елорданың тағы екі колледжінде ашылып, студенттер оқуын жалғастырып жатыр.
Инклюзивті кәсіптік білім беруді дамыту – Астанада жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бағыты. Осы мақсатта қала әкімінің бастамасымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың үздіксіз жүйесі қалыптастырылды. Ол балабақша мен мектептен бастап, колледжде кәсіптік білім алуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Мұндай тәсіл жастардың сапалы білім алып қана қоймай, мамандық игеруіне, өздігінен өмір сүру дағдыларын қалыптастыруына және болашақ еңбек қызметіне табысты бейімделуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда елорданың 32 колледжінде 38 мыңнан астам студент білім алып жүр. Биыл 11 мыңнан астам түлек оқуын аяқтап, жас мамандар қатарына қосылды.

