Сауда және қызмет көрсету саласы Шымкент экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр

Сауда және қызмет көрсету саласы Шымкент экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр

Шымкент қаласында сауда және қызмет көрсету саласы экономиканың жетекші бағыттарының бірі ретінде тұрақты дамуын жалғастырып келеді. Қаланың тиімді географиялық орналасуы, халық санының тұрақты өсуі, көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуы және кәсіпкерлік белсенділіктің артуы ішкі сауда айналымының ұлғаюына оң әсер етуде. Бүгінде мегаполис еліміздің оңтүстігіндегі ірі сауда және дистрибуциялық орталықтардың бірі саналады.

2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 362,5 млрд теңгені құрады. Ал бөлшек сауданың нақты көлем индексі 105,9 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш халықтың тұтынушылық белсенділігінің сақталғанын және кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Көтерме сауда саласы да жоғары өсім қарқынын байқатты. Есепті кезеңде көтерме сауда көлемі 652,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 124,5 пайызға жетті. Мұндай нәтижелер Шымкенттің тек жергілікті нарықты ғана емес, еліміздің басқа өңірлерін де өніммен қамтамасыз ететін маңызды сауда-логистикалық орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сауда саласының дамуы қала экономикасының басқа секторларына да оң ықпал етуде. Өндірістік кәсіпорындар шығаратын өнімдердің нарыққа тиімді жеткізілуі, логистикалық қызметтердің кеңеюі және қоймалау инфрақұрылымының жетілдірілуі ішкі нарықтағы тауар айналымын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар көтерме сауданың өсуі жергілікті өндірушілердің өнімдерін еліміздің басқа аймақтарына және сыртқы нарықтарға шығаруға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Қалада заманауи сауда орталықтары, көтерме тарату нысандары мен сервистік инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес ортаны қалыптастырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және қызмет көрсету саласындағы цифрлық технологиялардың енгізілуі де қызмет сапасын жақсартып, бизнес жүргізудің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаруда.

Сарапшылардың пікірінше, сауда айналымының тұрақты өсуі қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жаңа кәсіпкерлік жобалардың жүзеге асуына негіз болады. Сонымен бірге бұл үрдіс шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа қызмет көрсету бағыттарының қалыптасуына және экономиканың әртараптануына оң ықпал етеді.

Шымкентте сауда мен қызмет көрсету саласының серпінді дамуы қаланың өңірлік экономикалық орталық ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Бөлшек және көтерме сауда көлемінің артуы, логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі және кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейі мегаполистің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторларының бірі болып қала береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ