Шымкент экспорттық әлеуетін арттырып, өңірлік өнеркәсіптің драйверіне айналуда

Шымкент экспорттық әлеуетін арттырып, өңірлік өнеркәсіптің драйверіне айналуда

Шымкент қаласы соңғы жылдары өндіріс көлемін тұрақты ұлғайтып қана қоймай, экспортқа бағытталған өнім шығаруды да қарқынды дамытып келеді. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысы, жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы және өңдеу өнеркәсібінің кеңеюі мегаполистің экспорттық әлеуетін күшейтіп отыр. Бүгінде қала Қазақстанның оңтүстігіндегі маңызды өнеркәсіптік және экспорттық орталықтардың бірі саналады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,53 трлн теңгені құрады. Бұл өңірдегі өндіріс орындарының тұрақты дамып келе жатқанын және өнеркәсіптің қала экономикасындағы негізгі салалардың бірі екенін көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары өндірістік көрсеткіштер экспорт көлемінің де ұлғаюына мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда Шымкенттен сыртқы нарықтарға шығарылатын негізгі өнімдердің қатарында мұнай өнімдері, азық-түлік тауарлары, құрылыс материалдары және машина жасау өнімдері бар. Бұл бағыттар қаланың экспорттық құрылымында маңызды орын алып, қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуде.

Экспорт құрылымында көш бастап тұрған өнімдердің бірі – мұнай өнімдері. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың өндіріс көлемі 278,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар азық-түлік өнімдерінің көлемі – 227,7 млрд теңге, құрылыс материалдарының өндірісі – 167,4 млрд теңге, ал машина жасау саласының көлемі – 145,6 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер өңдеу өнеркәсібінің әртүрлі бағыттарының тұрақты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Бүгінде қалада 115 өнеркәсіптік кәсіпорын мен өндіріс орны жұмыс істейді. Олар жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру арқылы экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік алып отыр. Бұл өндірістер өңір экономикасының әртараптануына және қазақстандық өнімдердің сыртқы нарықтағы үлесінің артуына елеулі үлес қосуда.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өндіріс көлемі бойынша Еңбекші ауданы көш бастап тұр. Оның үлесі 51,7 пайызды құрайды. Бұл ауданда шоғырланған өндірістік кәсіпорындар қаланың индустриялық дамуына және экспорттық әлеуетінің артуына негізгі үлес қосып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, экспортқа бағдарланған өндірістердің дамуы жаңа инвестицияларды тартуға, өңдеу өнеркәсібінің технологиялық деңгейін көтеруге және отандық кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл үрдіс жаңа өндірістердің ашылуына, өндірістік кооперацияның кеңеюіне және қаланың экономикалық тұрақтылығының нығаюына ықпал етеді.

Шымкенттің жоғары экспорттық әлеуеті мен өндірістік көрсеткіштері қаланың Қазақстанның оңтүстігіндегі жетекші индустриялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Өнеркәсіптің тұрақты дамуы мен экспорт көлемінің артуы өңір экономикасының ұзақ мерзімді өсіміне сенімді негіз қалыптастыруда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ