Шымкент қаласы соңғы жылдары еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан мегаполистерінің бірі ретінде экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтап отыр. Инвестициялық белсенділіктің артуы, өнеркәсіп өндірісінің кеңеюі, кәсіпкерліктің дамуы және қызмет көрсету саласының тұрақты өсімі қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтып келеді. Экономиканың әртүрлі бағыттарының үйлесімді дамуы Шымкенттің Қазақстандағы ірі өндірістік әрі іскерлік орталықтардың біріне айналуына мүмкіндік беруде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі 5,7 трлн теңгеге жетті. Ал экономиканың нақты өсімі 11,0 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштер өндірістің, сауданың, құрылыс саласының және қызмет көрсету секторындағы оң үрдістердің нәтижесін айқындайды. Сонымен қатар мұндай өсім Шымкенттің инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін және экономиканың тұрақты даму жолында екенін көрсетеді.
Бүгінде қала экономикасының құрылымы қызмет көрсету саласы мен өндірістің теңгерімді дамуына негізделген. Жалпы өңірлік өнім құрылымында қызмет көрсету саласының үлесі – 66,9 пайызды, ал тауар өндірісінің үлесі – 26,4 пайызды құрайды. Мұндай құрылым мегаполистің сервистік және өндірістік бағыттағы экономикалық орталық ретінде қалыптасқанын көрсетеді.
Қызмет көрсету саласының дамуы сауда, логистика, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау және туризм бағыттарындағы белсенділіктің артуымен байланысты. Сонымен қатар өндіріс саласында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беруде. Тоқыма, құрылыс материалдары, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және машина жасау бағыттарындағы жаңа өндірістер өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуда.
Экономикалық өсімнің маңызды факторларының бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Шымкентте шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері белсенді жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер үшін өндірістік инфрақұрылым, қаржыландыру құралдары және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті жағдайлар кезең-кезеңімен жетілдірілуде.
Мамандардың пікірінше, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту және инвестиция тарту алдағы жылдары да қаланың тұрақты дамуының негізгі бағыттары болып қала береді. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, отандық кәсіпкерліктің нығаюына және ішкі нарықтағы қазақстандық өнім үлесінің артуына ықпал етеді.
Шымкенттің жоғары экономикалық көрсеткіштері мегаполистің өндірістік және инвестициялық әлеуетінің жыл сайын артып келе жатқанын дәлелдейді. Экономиканың тұрақты өсімі, кәсіпкерліктің дамуы және өндірістік жобалардың көбеюі қаланың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.

