Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Білім беру салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынның басты мақсаты – жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
Отырысқа Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының, Білім басқармасының, Сәулет және жер қатынастары басқармаларының өкілдері, сондай-ақ жекеменшік мектептер мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Кездесу барысында білім беру саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Жиында 2026–2027 оқу жылына арналған қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, алдағы оқу жылында білім беру ұйымдарын қаржыландыру үшін 53 миллиард теңге қарастырылған. Қатысушылар бұл қаражаттың тиімді игерілуі мен білім беру ұйымдары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кәсіпкерлер тарапынан жекеменшік мектептердің екінші ауысымда білім алатын оқушыларын қаржыландыру мәселесі көтерілді. Кеңес мүшелері мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдары үшін бірдей әрі әділ қаржыландыру тетіктерін қалыптастыру қажеттігін айтып, осы бағытта ұсыныстар әзірлеу жөнінде пікір алмасты.
Отырыста білім беру ұйымдары орналасқан жер учаскелерінің нысаналы мақсатын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру мәселесі де талқыланды. Қатысушылар бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізудің маңызын атап өтіп, қабылданатын шешімдер балалардың сапалы білім алуына және білім беру ұйымдарының тұрақты жұмысына кері әсер етпеуі тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №372 бұйрығын іске асырудың практикалық тетіктері қарастырылды. Мемлекеттік органдардың өкілдері құжатты қолдану тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиын қорытындысында мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру жүйесін жетілдіру, А1 және А2 төлемдері бойынша тұрақты мониторинг жүргізу, жер учаскелерінің нысаналы мақсатына қатысты мәселелерді реттеу және жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды.
Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты нығайтып, білім беру саласындағы кәсіпкерліктің тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

