Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып, бизнес субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік органдармен ашық диалог орнатуға бағытталды.
Кездесудің негізгі тақырыбы жаңа көші-қон қағидаларын қолдану және бизнес-иммигранттар үшін уақытша тұруға рұқсатты рәсімдеу мәселелері болды. Талқылауға прокуратура өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары, Кеңес мүшелері, көші-қон саласының сарапшылары, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшімен және инвесторлармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатысты.
Кәсіпкерлердің айтуынша, көші-қон және бизнес-иммиграция мәселелері өңірдің инвестициялық ахуалымен тікелей байланысты. Шетелдік инвесторлар мен білікті мамандарды тарту жаңа жобаларды іске қосуға, өндірістік процестерді дамытуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағыттағы рәсімдердің түсінікті әрі қолжетімді болуы бизнес үшін аса маңызды.
Жиын барысында кәсіпкерлер құжат рәсімдеу кезінде кездесетін практикалық қиындықтарды ортаға салды. Атап айтқанда, ХҚКО, көші-қон қызметі және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында туындайтын мәселелер айтылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды алу тәртібі де кәсіпкерлер тарапынан көтерілген өзекті тақырыптардың бірі болды.
Бизнес өкілдері Қазақстанда кәсіп ашуды жоспарлаған шетел азаматтары үшін уақытша тұруға рұқсатты рәсімдеудің бірыңғай әрі түсінікті алгоритмі қажет екенін атап өтті. Олардың пікірінше, нақты тәртіптің болмауы құжат рәсімдеу процесін ұзаққа созып, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қосымша әкімшілік кедергілер туғызуы мүмкін.
Отырыста мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі де айтылды. Ашық диалог арқылы кәсіпкерлердің нақты мәселелерін анықтап, оларды жүйелі түрде шешу өңірдегі бизнес ортаның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту, мемлекеттік органдар арасындағы бірыңғай өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыру және кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырады. Палата кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді еңсеру, құқықтық кеңес алу және туындаған мәселелерді шешу бойынша практикалық қолдау көрсетуге дайын.

