Шымкент қаласында Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында Астана шағынауданында бой көтерген жаңа Гүлдер аллеясы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындармен бірге жаңа қоғамдық кеңістіктің жұмысымен танысты. Жоба қаланың сәулеттік келбетін жақсартумен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда.
Жаңа Гүлдер аллеясы гүл саудасын бір жерге шоғырландырып, кәсіпкерлер үшін заманауи әрі қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру мақсатында салынды. Бұрын әр жерде орналасқан сауда орындарын жүйелеу арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және қаланың көркін заманауи талаптарға сай қалыптастыру көзделген.
Аллея аумағындағы барлық сауда павильондары бірыңғай сәулеттік стильде жобаланған. Мұндай шешім тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, кәсіпкерлер үшін де тиімді орта қалыптастырады. Бірыңғай үлгі қаланың сәулеттік келбетін толықтырып, қоғамдық кеңістіктің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру барысында ерекше назар сәулеттік шешімдердің сапасына аударылды. Осы мақсатта сауда павильондарының үздік эскиздік жобаларын іріктеу бойынша арнайы конкурс ұйымдастырылды. Құрылған жұмыс тобы кәсіпкерлер ұсынған ұсыныстарды жан-жақты қарап, заманауи урбанистика талаптарына және қалалық ортаға үйлесімді келетін ең тиімді жобаларды таңдады. Бұл тәсіл жаңа нысанның функционалды әрі көркем болуына негіз болды.
Гүлдер аллеясының жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Жобаны іске асыруға инвесторлар тарапынан шамамен 1 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Жеке капиталдың қатысуы Шымкенттің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де жоғары. Гүлдер аллеясының іске қосылуы нәтижесінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, гүл өсіру және сату саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметін кеңейтуге жол ашады.
Мамандардың пікірінше, осындай жобалар кәсіпкерлік инфрақұрылымды жетілдіруге, қызмет көрсету мәдениетін арттыруға және қаланың инвестициялық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, заманауи сауда кеңістіктерінің пайда болуы тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырып, Шымкенттің сәулеттік келбетін жаңа деңгейге көтереді.
Жаңа Гүлдер аллеясының ашылуы – қаланы көркейту бағытындағы кезекті жоба ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлікті қолдау, жеке инвестицияларды тарту және шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасаудың нақты көрінісі. Мұндай бастамалар Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, қаланың заманауи әрі тартымды мегаполис ретінде қалыптасуына үлес қоса береді.

