Шымкентте отандық ірімшік өндірушілерін қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілді

Шымкентте отандық ірімшік өндірушілерін қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілді

Шымкент қаласында қазақстандық өнімдердің ішкі нарықтағы үлесін арттыру және отандық өндірушілерді қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы аясында іске асырылып жатқан қазақстандық ірімшік өндірушілерін қолдау жобасы. Бастаманың негізгі мақсаты – жергілікті өнімге деген тұтынушылардың қызығушылығын арттырып, отандық тауарлардың сауда желілеріндегі бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

Жоба аясында «Ұлттық аналитикалық орталық» корпоративтік қоры әзірлеген маркетингтік құралдар Шымкент қаласындағы бірқатар ірі сауда желілерінде енгізілді. Атап айтқанда, «F-Mart» және «Turan» дүкендерінде қазақстандық ірімшік өнімдерінің сөрелеріне «Қазақстанда жасалған» арнайы ақпараттық стикерлері орналастырылып, сатып алушыларға арналған аудиохабарламалар іске қосылды.

Сонымен қатар, сауда орындарының кіреберістеріне ақпараттық баннерлер орнатылып, тұтынушылардың назарын отандық өнімдерге аударуға бағытталған қосымша ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Мұндай тәсілдер сатып алушыларға жергілікті өнімдерді оңай таңдауға мүмкіндік беріп, қазақстандық тауарлардың танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.

Жобаны жүзеге асыруға Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, сондай-ақ Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бірлесіп атсалысуда. Мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысы жобаның тиімді жүзеге асуына негіз болып отыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар жергілікті өндірушілердің өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, ішкі нарықтағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, отандық кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын құруына да оң әсерін тигізеді.

Жергілікті өнімді ақпараттық тұрғыдан қолдау тұтынушылардың таңдау мәдениетін қалыптастырып, сапалы қазақстандық тауарларға деген сенімді күшейтеді. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетуге және ұлттық экономиканың тұрақты дамуына үлес қосады.

Шымкентте жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар отандық кәсіпкерлерді қолдау, ішкі нарықты дамыту және қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ