Шымкент қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін тиімді пайдалану және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жүзеге асырылып жатқан МЖӘ жобаларының орындалу барысы қаралып, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де талқыланды.
Жиында қалалық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ақылбек Мұхаддас биылғы жылдың басынан бері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, 2026 жылдың басынан бері 113 тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар бойынша 4,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан 28 жер учаскесінің меншік иелеріне заң талаптарын орындау жөнінде нұсқама берілген. Игерілмеген жерлерге жүргізілген бақылау нәтижесінде бюджетке 7,9 млн теңге көлемінде он еселенген жер салығы түскен.
Сот шешімдерінің негізінде биыл жалпы аумағы 148 гектарды құрайтын 43 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек, тағы 26 жер учаскесі бойынша сот қарауы жалғасуда. Ал 2023–2026 жылдар аралығында мемлекетке жалпы көлемі 428,6 гектар болатын 302 жер учаскесі қайтарылған.
Мәжілісте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының іске асырылуына ерекше назар аударылды. Қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Дәрібаеваның мәліметінше, бүгінде Шымкентте білім беру саласында 58 МЖӘ жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 2 жоба білім беру нысандарына қатысты болса, 56 жоба мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда осы бағыттағы келісімшарттарды 2027 жылға дейін ұзарту бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық жұмыстар жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласында да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жоба іске асырылуда. Оның төртеуі жеке инвесторлардың қаражаты есебінен, біреуі жергілікті бюджеттің қатысуымен қаржыландырылған. Бүгінде ПЭТ-диагностика және сәулелік терапия орталығы, эфференттік терапия және гемокоррекция орталығы, сондай-ақ МЖӘ негізінде салынған екі заманауи емхана штаттық режимде жұмыс істеп, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде.
Мәжіліс қорытындысында қала әкімі жауапты сала басшыларына жер ресурстарын тиімді пайдалануды бақылауды күшейтуді, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының заң талаптарына сәйкес әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

