«Атамекен» ҰКП алаңында Құрылыс кодексінің негізгі ережелері түсіндірілді

«Атамекен» ҰКП алаңында Құрылыс кодексінің негізгі ережелері түсіндірілді

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кеңес өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, салалық қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Құрылыс кодексіндегі негізгі жаңашылдықтар таныстырылды.

«Құрылыс кодексі нормаларды бір жүйеге келтіреді, әкімшілік кедергілерді азайтады, үдерістерді цифрландыруды күшейтеді және құрылыстың барлық кезеңдеріндегі жауапкершілікті арттырады. Басты мақсат – құрылыс нысандарының қауіпсіздігі мен сапасын жақсарту, бюрократиялық кедергілерді қысқарту, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және оның тұрақты дамуына барлық жағдай жасау», – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

Кеңесте құрылыс үдерістерін цифрландыруға, қала құрылысы кадастры жүйесінің қызметіне, жобаларға сараптама жүргізу ісіне, сондай-ақ құрылыс нарығына қатысушылардың қызметін реттеудің жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Кодекстің жекелеген нормаларын іске асыру тетіктерін таныстырды. Атап айтқанда, лицензия иелерінің автоматтандырылған тізілімінің жұмыс тәртібі, 2028 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс саласы мамандарын сертификаттау жүйесіне көшу, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімін қысқартып, құрылыс сапасын арттыруға бағытталған техникалық тапсырыс беруші институтын енгізу мәселелері түсіндірілді.

Сондай-ақ «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» РМК мен «Мемсараптама» РМК өкілдері де сөз сөйлеп, тақырып аясында жан-жақты түсініктемелер берді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Кодекстің жекелеген нормаларын қолдану мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті. Бизнес өкілдерінен түсетін қосымша ұсыныстар мен сұрақтар өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы жинақталып, кейін уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп пысықталады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және...