Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысындағы мұнай-газ және мұнай химиясы жобаларының барысымен танысты

Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысындағы мұнай-газ және мұнай химиясы жобаларының барысымен танысты

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызды өндірістік нысанды аралап, «Қашаған» кен орнына әуеден шолу жасап, Теңіз кен орнындағы, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) зауытындағы және «Силлено» полиэтилен өндіру зауытының құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Жұмыс сапары аясында Нұрлыбек Нәлібаев «Қашаған» кен орнына әуеден шолу жасады. Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдеуге арналған газ өңдеу зауытын салу жобасы жүзеге асырылу сатысында. Бүгінгі таңда жоба бойынша жалпы орындалу деңгейі 60,78%-ды құрайды, оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы 37,50%-ға жетті. Негізгі жабдықтарды жеткізу жұмыстары 98%-ға аяқталды. Құрылыс алаңында қазіргі уақытта 1500-ден астам жұмысшы мен 350 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, сондай-ақ түнгі ауысымдағы жұмыс ұйымдастырылған.

Теңіз кен орнында Премьер-министрдің бірінші орынбасарына «Теңізшевройл» ЖШС қызметінің нәтижелері жөнінде баяндалды. Үшінші буын зауыты іске қосылғалы кен орнындағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 1 млн баррельге жетті. Компания 2025 жылы шамамен 1,3 млн тонна сұйытылған газ және 2,5 млн тоннаға жуық күкірт өткізген.

Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерін жоғары бағалап, «Теңізшевройл» ЖШС көп жыл бойына Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі компаниялардың бірі ретінде ұлттық экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Кездесуде өнеркәсіптегі қауіпсіздік, отандық мамандарды даярлау және қазақстандық компанияларды ірі жобаларға қатыстыру ауқымын кеңейту мәселелеріне де  айрықша назар аударылды. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары «Теңізшевройл» ЖШС басшылығына корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламалары аясында 12 мың орындық стадион салу жобасын жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Жұмыс сапарындағы келесі нысан ретінде белгіленген «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) зауытында Нұрлыбек Нәлібаевқа кәсіпорынның жұмыс нәтижелері мен даму жоспары таныстырылды.

Елдегі ірі индустриялық жобалардың бірі саналатын кешен Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамытуда маңызды рөл атқарады. Зауыт іске қосылғалы бері полипропилен өндірісінің көлемін кезең-кезеңімен арттырып келеді. Егер 2022 жылы 32 мың тонна өнім шығарылса, 2023 жылғы көрсеткіш 181,1 мың тоннаға, 2024 жылы 248,7 мың тоннаға жетіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 375 мың тонна болған. 2026 жылы өндіріс көлемін 450 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Кездесуде технологиялық процестердің сенімділігін арттыру, шығарылатын өнім түрлерін көбейту және мұнай-газ химиясын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар ұсынылды.

Нұрлыбек Нәлібаев жылдық қуаттылығы 1,25 млн тонна «Силлено» полиэтилен шығару зауытының құрылыс алаңында да болды. Кәсіпорын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастыру шеңберінде салынуда.

«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев жобаның жүзеге асырылу барысы, құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жағдайы мен алдағы кезеңдері туралы мәлімет берді. Зауыттың іске қосылуы сұранысқа ие полимер өнімдердің импортын алмастыруға, қосылған құны жоғары тауарлардың экспортын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Нұрлыбек Нәлібаев сапарын қорытындылап, мұнай-газ және мұнай химиясы жобаларын жүзеге асырудың ел экономикасын әртараптандыру, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін өсіру және Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы стратегиялық маңызы зор екенін баса айтты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызды өндірістік нысанды аралап,...

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызды...

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде бекітілген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру аясында ҚР Еңбек және халықты...