Шымкент қаласындағы Қызғалдақ сарайында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараны ашқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тәртіп сақшылары мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі олардың маңызды рөлін атап өтті.
Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне жүктелген жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.
– Азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Антқа адалдықтарыңыз бен қызметке деген беріктіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді генерал.
Мереке аясында «Полицияға алғысыңызды қалай білдірер едіңіз?» атты акция ұйымдастырылды. Арнайы әзірленген тақтаға қала тұрғындары мен қонақтары өздерінің жылы лебіздерін, тілектері мен тәртіп сақшыларының еңбегіне қатысты естеліктерін жазды. Тұрғындар бастаманы белсенді қолдап, полицейлердің күнделікті қызметіне ризашылықтарын білдірді.
Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін 785 полиция қызметкері марапатталды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысып жүрген полицияның қоғамдық көмекшілері мен белсенді азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланып, өнерпаздар қонақтарға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.
Шымкентте Қазақстан полициясы күні салтанатты түрде аталып өтті

