Қолжетімді орта: Қазақстанда 30,5 мыңнан астам нысан бейімделді

Қолжетімді орта: Қазақстанда 30,5 мыңнан астам нысан бейімделді
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта бұл бағытта 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының инклюзивті саясат тұжырымдамасы, 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы және «Халықпен бірге» жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Жол картасы аясында Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу көзделген. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі: жыл сайын нысандардың кемінде 20%-ы бейімделуге тиіс. Осылайша, 2023 жылы Картадағы нысандардың 20%-ы, 2024 жылы – 40%-ы, 2025 жылы – 60%-ы, 2026 жылы – 80%-ы, ал 2027 жылы 100%-ы толық бейімделуі жоспарланған.

2026 жылдың соңына дейін республика бойынша 34 318 нысанды бейімдеу көзделген. 2026 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша 30 571 нысан толық бейімделіп, жоспарланған көрсеткіштің 71%-ын құрады.

Бейімделген нысандардың ішінде:

  • денсаулық сақтау ұйымдары – 5 020;
  • білім беру ұйымдары – 9 574;
  • мәдениет нысандары – 2 257;
  • сауда және қызмет көрсету нысандары – 6 369;
  • мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 4 222;
  • өзге де нысандар – 3 129.

Ең көп бейімделген нысандар Алматы қаласында (6 189 нысан), Түркістан (2 512 нысан), Қызылорда (1 887 нысан) облыстарында, Шымкент қаласында (1 623 нысан), Атырау облысында (1 559 нысан) және Астана қаласында (1 456 нысан) орналасқан.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Нысандарды бейімдеу кезінде кіреберістің қолжетімділігіне, санитариялық-гигиеналық бөлмелерге, навигация жүйесіне, сондай-ақ азаматтардың барлық санаты үшін қауіпсіз әрі дербес қозғалуына жағдай жасауға ерекше назар аударылады.

Мүгедектігі бар азаматтардың пікірінше, жүзеге асырылып жатқан шаралар олардың өмір сүру сапасын арттырып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Жыл сайын кедергісіз орта аясы кеңейіп келеді және бұл біздің өмір сапамызға тікелей әсер етеді. Әсіресе қоғамның көзқарасы өзгеріп жатқаны қуантады: кәсіпкерлер мен нысан иелері инклюзияның шынайы маңызын түсіне бастады. Өйткені қолжетімді орта – ең алдымен біздің тәуелсіздігіміз», – дейді бірінші топтағы мүгедектігі бар Дастан Раушанбеков.

Қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары мемлекеттік инклюзивті саясат аясында белгіленген жоспарларға сәйкес еліміздің барлық өңірінде жалғасады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Іс-шара барысында тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріліп, көтерген сұрақтары бойынша тиісті түсіндірмелер берілді.Акция аясында...