Шымкенттің индустриялық даму моделі соңғы жылдары өндірісті әртараптандыру мен инвестиция тартуға негізделген жүйелі саясаттың нәтижесін көрсетіп отыр. Қаладағы бес ірі индустриялық аймақтың көрсеткіштері өңір экономикасының жаңа өндірістік хаб ретінде қалыптасып келе жатқанын аңғартады. «Оңтүстік», «Жұлдыз», «Тассай», «Сауда-логистикалық орталығы» және «Бозарық» индустриялық аймақтарында жалпы саны 260 жоба шоғырланған. Оларға тартылған инвестиция көлемі 777,421 млрд теңгені құраса, жоспарланған жұмыс орындарының саны 14 446-ға жетеді.
Индустриялық аймақтардың ішінде инвестиция көлемі бойынша «Жұлдыз» көш бастап тұр. Мұнда жалпы құны 262,3 млрд теңгені құрайтын 74 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 10 жоба пайдалануға беріліп, оларға 60,173 млрд теңге инвестиция салынған және 1 219 жұмыс орны құрылған. Қазіргі таңда 64 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, олардың инвестициялық құны 202,1 млрд теңгені құрайды, ал іске қосылған жағдайда қосымша 3 521 жұмыс орны ашылады. Аймақтағы AluTech жобасының құны 52 млрд теңге болса, SAN GRAND – 32,8 млрд теңге, Интертранс – 32,5 млрд теңге, Wan Sheng Ceramic – 25,5 млрд теңге және SAURAN BRICKS – 5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялармен ерекшеленеді. Керамика, темірбетон, полимер және алюминий өндірістеріне басымдық берілуі құрылыс индустриясына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Жобалар саны бойынша бірінші орында тұрған «Оңтүстік» индустриялық аймағында 97 жоба шоғырланған. Мұнда 215,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 763 жұмыс орны қарастырылған. Оның 89 жобасы іске қосылып, 164,5 млрд теңге инвестиция игерілген және 3 763 адам жұмыспен қамтылған. Қалған 8 жобаға 41 млрд теңге бағытталып, тағы 480 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аймақтың негізгі жобалары қатарында QAZALPACK – 54 млрд теңге, Sin Yuan Steel – 36 млрд теңге, Ferrum Vtor – 24 млрд теңге, Ерокристалл – 21,3 млрд теңге және Shymkent Temir – 18 млрд теңге инвестициясымен ерекшеленеді. Металл өңдеу, құрылыс материалдары, пластик, шыны және битум өндірістерінің дамуы импортты алмастыру әлеуетін күшейтеді.
«Тассай» индустриялық аймағында 42 жобаға 85,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 495 жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде 37 жоба толық іске қосылып, 66,8 млрд теңге инвестиция игерілген және 2 125 адам жұмыспен қамтылған. Қалған 5 жобаға 18,3 млрд теңге инвестиция салынып, 370 жаңа жұмыс орны ашылады. ASIA TRAFO жобасы 32 млрд теңге инвестициясымен көш бастап тұрса, ШЗЗ – 12,41 млрд теңге, MEGA SMART – 12 млрд теңге, BS GROUP – 4,8 млрд теңге және MARAI E7 GROUP – 4,5 млрд теңге көлеміндегі жобаларды жүзеге асыруда. Бұл аймақта электр жабдықтары, медицина, фармацевтика және тұрмыстық химия өндірістерінің шоғырлануы жоғары технологиялық өндірістердің үлесінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Сауда мен логистиканы дамытуға бағытталған «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағында жалпы құны 156,121 млрд теңгені құрайтын 27 жоба орналасқан. Мұнда 1 871 жұмыс орны ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 7 жоба іске қосылып, 72,630 млрд теңге инвестиция игерілген және 686 жұмыс орны құрылған. Ал 19 жоба бойынша 83,491 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 185 жұмыс орны ашылады. KOKSAN Kazakhstan компаниясының инвестициясы 33 млрд теңге болса, Coca-Cola Almaty Bottlers – 27 млрд теңге, Continental Logistics Shymkent – 15,8 млрд теңге, НМИ-Юг – 14,8 млрд теңге және Политрейд Қазақстан – 8,5 млрд теңге көлеміндегі жобаларды жүзеге асыруда.
Агроөнеркәсіптік бағыттағы «Бозарық» индустриялық аймағында 20 жобаға 58,5 млрд теңге инвестиция тартылған және 1 577 жұмыс орны көзделген. Оның тек 1 жобасы іске қосылып, 3,285 млрд теңге инвестиция игерілген әрі 18 жұмыс орны құрылған. Ал 19 жоба әлі жүзеге асырылу кезеңінде. Оларға 55,2 млрд теңге инвестиция салынып, 1 559 жұмыс орны ашылмақ. Ірі жобалар қатарында Айтас-МП Южный – 18,6 млрд теңге, Ленгер Групп – 12 млрд теңге, ASTANA COUNTRY CLUB – 5,7 млрд теңге, ALTAY FOOD GIDA QAZAQSTAN – 3,285 млрд теңге және BAYMEN FOOD – 1,5 млрд теңге инвестициясымен ерекшеленеді.
Жалпы алғанда, көрсеткіштер Шымкенттің өндірістік дамуы тек дәстүрлі өнеркәсіпке ғана емес, логистика, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдары, металлургия және жоғары технологиялық салаларға сүйенетінін көрсетеді. Бес индустриялық аймақтағы жүздеген миллиард теңгелік инвестициялар мен мыңдаған жаңа жұмыс орындары қаланың өңірлік өнеркәсіп орталығы ретіндегі рөлін күшейтіп, алдағы жылдары экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналуына мүмкіндік береді.

