ҚР Көлік министрлігі халықаралық ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Осы жұмыс шеңберінде 2026 жылғы 1 маусымнан бастап «LOT Polish Airlines» поляк әуе компаниясы Варшава – Алматы бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін Boeing 737 MAX үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 4 рет жиілікпен (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері) орындауды бастады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа бағыттардың ашылуын ескере отырып, Қазақстан мен Польша арасындағы рейстердің жалпы саны екі бағыт бойынша аптасына 8 рейске дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы Астана – Варшава бағыты бойынша да аптасына 4 рет жиілікпен тұрақты рейстерді орындайды.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Польшаның авиациялық билігі арасында Атырау – Варшава – Атырау бағыты бойынша рейстер ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Алматы мен Варшава арасында әуе қатынасының ашылуы Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

