Шымкентте құрылыс қарқыны артып, қаланың келбеті жаңаруда

Шымкентте құрылыс қарқыны артып, қаланың келбеті жаңаруда

Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып, мегаполистің сәулеттік келбетін жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және заманауи қалалық орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылы қалада тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым тарту, әлеуметтік нысандар салу, реновация және сейсмонығайту бағыттарында ірі жобалар қолға алынған. Жалпы биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан 62 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 32 тұрғын үй, 3 инженерлік инфрақұрылым нысаны және 27 әлеуметтік нысан бар.

Қала тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар биыл да қарқынды жалғасуда. 2026 жылы жалпы көлемі 102 мың шаршы метрді құрайтын 1 243 пәтерлі 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде Тұран шағын ауданында 12 тұрғын үй, Бозарық шағын ауданында 20 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кредиттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 771 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 720 пәтер сатып алынып, қалған 51 пәтерді жыл соңына дейін алу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Қаланың қарқынды дамуына сәйкес инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде Бозарық және Тұран шағын аудандарында 3 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Құрылыс сапасын бақылау мәселесі де тұрақты назарда. Қазіргі таңда басқарма есебінде кепілдік мерзімі бар 175 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. 2026 жылдың басынан бері 318 кемшілік анықталып, оның 310-ы мердігер мекемелер тарапынан қалпына келтірілген. Қалған ақаулар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, келісімшарт талаптарын орындамаған мердігерлерге заң аясында шаралар қабылдануда.

Шымкент қаласында тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сейсмонығайту бағытындағы жұмыстар да қолға алынған. Биыл 54 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, апатты және ескірген үйлерді жаңарту мақсатындағы реновация бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қала бойынша апатты деп танылған 66 көпқабатты тұрғын үйді сүріп, тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілген. 2026 жылы реновация бағдарламасы аясында 13 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында инвесторлар есебінен жаңа тұрғын үйлер салынып, тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалада 7 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде екі нысанның құрылысы аяқталып, қалған мектептерді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 7 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп күтілуде. Денсаулық сақтау саласында №3 қалалық аурухананы күрделі жөндеу, қалалық диагностикалық орталықты кеңейту және Ақжайық шағын ауданында 200 төсектік перинаталдық орталық салу жобалары жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталықтары мен арнаулы қызмет көрсету мекемелерінің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар, қалада мәдениет, төтенше жағдайлар және мемлекеттік органдарға арналған бірқатар маңызды нысандардың құрылысы қолға алынған. Биыл 18 гектарлық саябақ құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС арқылы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Биыл 31 тұрғын үйдің ортақ мүлкін күрделі жөндеуден өткізу және 26 тұрғын үйдегі тозығы жеткен 37 лифтіні ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қалада ірі инфрақұрылымдық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Атап айтқанда, 35 мың орындық жаңа стадион, «Шымкент Арена» кешені, опера және балет театры, паралимпиада және сурдлимпиада кешені, көпфункционалды теннис орталығы сынды ауқымды жобалар пысықталуда. Бұл бастамалар Шымкенттің заманауи мегаполис ретіндегі әлеуетін арттырып, қаланың сәулеттік келбетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Жалпы, Шымкент қаласында құрылыс саласының қарқынды дамуы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында қаламыздың полиция...

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында  «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту»...