Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерге арналған маңызды семинар өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы, «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесі және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсына қатысу шарттары кеңінен түсіндірілді.
Семинарға Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Мерей Исаева, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – бизнес өкілдеріне республикалық байқаулардың мүмкіндіктерін таныстырып, олардың отандық өндірісті дамытудағы маңызын түсіндіру болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға конкурстарға өтінім беру тәртібі, бағалау кезеңдері, негізгі талаптар мен жаңа номинациялар жөнінде толық ақпарат берілді. Әсіресе биылдан бастап «Алтын сапа» конкурсына «Цифрлық даму саласындағы үздік жоба» атты жаңа номинация енгізілгені кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырды.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңа бағыт цифрлық технологияларды енгізіп, өндірістік және бизнес үдерістерін заманауи талаптарға бейімдеп отырған кәсіпорындарды қолдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда цифрландыру кез келген кәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова өз сөзінде Президент сыйлығы мен республикалық конкурстардың отандық өнім сапасын арттыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай байқаулар кәсіпорындарға сапа менеджменті жүйесін жетілдіруге, өндірістік тиімділікті арттыруға және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Семинар барысында сарапшылар конкурсқа құжат тапсыру тәртібі туралы жан-жақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, кәсіпорындарда сапа менеджменті жүйесін енгізудің маңызына тоқталып, оның өндірістің тұрақты дамуына оң әсер ететінін жеткізді.
Мамандардың пікірінше, республикалық конкурстарға қатысу кәсіпкерлер үшін тек марапат алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өз өнімін кеңінен танытуға, жаңа серіктестер табуға және нарықтағы беделін арттыруға жол ашады. Әсіресе «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі кәсіпорындардың өнімін тұтынушылар мен бизнес серіктестеріне таныстыруда тиімді алаң болып саналады.
Ал «Парыз» конкурсы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға бағытталған. Бұл байқау кәсіпкерлердің әлеуметтік жобаларға қатысуын ынталандырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай семинарлар кәсіпкерлердің ақпараттық сауаттылығын арттырып, олардың мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануына көмектеседі. Сонымен қатар, отандық кәсіпорындардың сапалы өнім шығаруына және халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында кәсіпкерлерді қолдау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осындай бастамалар жергілікті бизнестің дамуына серпін беріп, отандық өнімнің сапасын арттыруға және ішкі нарықты нығайтуға ықпал етуде.

