Іс-шараның мақсаты – оқушылардың арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтына жауапкершілікпен қарау және аурулардың профилактикасы дағдыларын дамыту болды.
Елордадағы №103 мектепте 6–7 сынып оқушыларының алдында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, адамның денсаулығы көп жағдайда бала кезден қалыптасатын күнделікті әдеттерге байланысты екенін атап өтті. Ол оқушыларға дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы, гаджеттерді пайдалануды шектеу, сондай-ақ энергетикалық сусындардың зияны туралы айтты.
Мемлекеттік саясаттың шеңберінде 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңартылған стандарттары енгізілді. Олар трансмайлардың мөлшерін 2%-ға дейін шектеуді, балалар рационындағы қантты 3,6 есеге, ал тұзды 5 есеге дейін азайтуды көздейді. Бұл шаралар балалар арасында семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін төмендетуге бағытталған.
Оқушыларға арнаған бейнеүндеуінде Қазақстандағы ДДҰ елдік офисінің басшысы Скендер Сыла денсаулық сақтау мәселелерінде ғылыми тәсілдің маңыздылығын атап өтті.
Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин да бастаманы қолдап, оқушыларды спортпен айналысуға және белсенді өмір салтын ұстануға шақырды.
Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық мәдениетін қалыптастыруды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасының жобасында бұл бағыт өмірдің барлық кезеңдерінде денсаулықты нығайтуға бағытталған жүйелі тәсілді көздейтін жеке блок ретінде белгіленген.
Денсаулық апталығы 1–7 сәуір аралығында өтіп, еліміз бойынша мыңдаған оқушыны қамтыған Ашық сабақпен қорытындыланды.

