Наурызнама: Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ынтымақ күнін атап өтті

Наурызнама: Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ынтымақ күнін атап өтті

Қарулы күштердің барлық әскер бөлімдері мен құрамаларында «Наурызнама» онкүндігінің маңызды күндерінің бірі – Ынтымақ күніне арналған іс-шаралар өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әрбір әскери бөлімде, мекемелер мен оқу орындарында қолбасшылық тарапынан отбасылық жылылық пен достық ахуал қалыптасты. Ұйымдастырылған акциялар мен іс-шаралар жауынгерлік бауырластықты нығайтуға, рухты шыңдауға және ұлттық дәстүрлерге құрмет көрсетуге бағытталды.

Мерекелік салтанат Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Теріс Ащыбұлақ» полигонында жалғасты. Іс-шара достық, бірлік және туған жерге деген мақтаныш сезіміне толы болды.

Үйінен жырақта, қаруластар ортасында жүрген сарбаздар ұлттық құндылықтарға тағзым етіп, ортақ тарих пен салт-дәстүрден қуат алды. Тау қорықшысы полкінің әскери қызметшілері тіпті далалық жағдайда да туған үй мен жақындарын еске түсіретін ыстық бауырсақтар пісірді.

Ынтымақ – біздің күшіміз, жауынгерлік бауырластықтың негізі және қызметтегі сенімді тірегіміз. Армияның нағыз қуаты мен тұтастығы дәл осы бірлікте, өзара көмек пен дәстүрге деген құрметте жатыр, – деп атап өтті тау қорықшысы полкінің командирі подполковник Бауыржан Есалы.

Мерекелік іс-шаралар еліміздің барлық әскери гарнизондарында өтіп, әскери қызметшілерді достық, ұйымшылдық және өзара қолдау сияқты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы...

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, Мемлекет басшысы...