Олжас Бектенов: бір жылда 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды

Олжас Бектенов: бір жылда 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында АЭА мен ИА-ны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, энергия тапшылығы мәселелерін шешу, өнеркәсіпті дамыту және инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

  Арнайы экономикалық аймақтардың өзінде инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз ету деңгейі небәрі 53%-ды, ал индустриялық аймақтарда бұл көрсеткіш 48%-ды құрайды. Осыған байланысты Үкімет арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды жедел дамыту бойынша бірқатар қажетті шешім қабылдауда.

«АЭА мен ИА-ны инфрақұрылыммен 100% қамтамасыз ету үшін қажетті шешімдер қабылданды. Алдағы үш жыл ішінде Ислам даму банкі қаражатын тарту есебінен жаңа өндірістік нысандарға қажетті  инфрақұрылым салуға 1 трлн теңге көлемінде инвестициялар тартылатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Сондай-ақ Премьер-министр биыл 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері іске қосылатыны, бұл келесі жылдың бірінші тоқсанында энергия тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бүгінгі таңда елімізде электр энергиясының тапшылығы сақталып отыр, ол ең жоғары жүктеме кезеңдерінде импорттың есебінен жабылады. Өткен жылы тапшылық 29%-ға азайғанымен, ауқымы әлі де үлкен.

Жаңа тариф саясатының нәтижесінде реттеліп көрсетілетін қызметтердегі әділ нарықтық жағдайлар қалпына келуде. Қазіргі уақытта болжамды тарифтер ТКШ саласына жеке инвестицияларды қайта тартуға жол ашты. Мысалы, өткен жылы энергетика саласына 655 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 900 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаяды. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және өсіп келе жатқан қуат тапшылығын жабуға арналған стратегиялық жұмысты жүзеге асыру шеңберінде Үкімет 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде, оның ішінде атом және «таза» көмір генерациясын дамытуға баса мән беріледі.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысына көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысын және 2,9 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл транзиттік тасымал көлемін 60%-ға ұлғайтуға, ал транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады. 11 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады. 

Бұл ретте транзиттік әлеуеттің серпінді дамуын тежейтін бірқатар факторлар белгіленген. Солардың бірі теміржол инфрақұрылымдарының тозуының жоғары деңгейі болып қалып отыр. Осыған байланысты магистральдық теміржол желісін жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру Үкіметтің тұрақты бақылауында. Инфрақұрылымды қоса алғанда авиация саласын дамытуға назар аударылды. Биыл Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысын бастаймыз. Оны іске қосу 20 жыл бойы жөндеу көрмеген бірінші жолақты жаңғырту жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді. Бұл Астана әуежайының өткізу қабілетін 4 есе арттырып, 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді. Биыл шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын  күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Өткізу қабілеті 14 млн жолаушыдан 19 млн-ға дейін артады. Ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Президент тапсырмасы бойынша авиаотынның нарықтық бағасын қалыптастыру үшін жағдайлар жасалды. Нәтижесінде авиациялық отынның бағасы $1,2 мыңнан шамамен $950-ге дейін төмендеді. Бұл шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстанның әуе кеңістігінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Тікелей шетелдік инвестициялар 9 ай ішінде $1,5 млрд-қа немесе 10,9%-ға өсіп, $14,9  млрд-ты құрады. Бұл ретте портфельдік инвестициялар мен несиелік қаражаттарды есепке алғанда, экономикаға тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі $58 млрд-тан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға артып, 22,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік инвестициялар 800 млрд теңгеге (5 трлн теңгеге дейін), ал жекеменшік инвестициялар 2,4 трлн теңгеге (17,7 трлн теңгеге дейін) ұлғайды.

Инвестициялық штабтың рөліне ерекше назар аударылып отыр. 2025 жылы жалпы құны $115 млрд болатын 212 жоба бойынша проблемалық мәселелер реттелді.

Премьер-министр Президент қойған міндеттерге сәйкес инвесторларды тарту жүйесі жетілдіріліп жатқанын атап өтті. Жобалар бастапқы кезеңнен құрылысы аяқталғанға дейін «жасыл дәліз» қағидасы бойынша сүйемелденеді:  

  • Президент Жарлығымен инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелді. Прокурорлық қадағалау инвесторларды құқықтық қолдау шараларын күшейтуге мүмкіндік берді;
  • «Бәйтерек» холдингі Қазақстанда маңызды жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатын инвесторларды іздеп табуға проактивті түрде кірісіп кетті;
  • Инвестиция тартудың сыртқы контурын нығайту мақсатында инвестициялық әлеуеті жоғары елдерде Kazakh Invest компаниясының шетелдік өкілдіктері ашылатын болады.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып жатқан Алатау Сити қаласы инвестиция тартудың жаңа орталығына айналмақ. Конституциялық заң жобасында ерекше құқықтық режимді және заманауи басқару мен қала құрылысы нормаларын енгізуді көздейтін ережелер қамтылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін дамытуды ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Өңдеу өнеркәсібінің қазіргі өсу қарқыны экономиканы толыққанды әртараптандыру үшін жеткіліксіз екені атап өтілді. Бұған қажетті серпін беру мақсатында өңдеуші кәсіпорындардың дамуын ынталандыратын жобаларды жүзеге асырамыз.

Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша қаржыландыру тетіктері арқылы металлургия, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.

«Салалық министрліктерге әрі қарай өңдеуге бағытталған өндіріс орындарын ашу мәселелерін алдын ала жан-жақты пысықтау міндеті қойылды. Жалпы алғанда, өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды, тағы осынша нысанның құрылысы аяқталуға жақын», — деп атап өтті Премьер-министр.

Өңдеу саласына келетін инвестиция көлемінің тұрақты өсуі үшін экономиканы шикізатпен қамтамасыз ету маңызды, соған байланысты геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Премьер-министр 2025 жылы 1:50 000 масштабтағы геологиялық картаны әзірлеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Ол қазір пайдаланылып жүрген кеңестік кезеңде жасалған 1:200 000 масштабтағы картаның орнына қолданылатын болады. 

Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда мемлекет тарапынан геологиялық барлау жұмыстарына шамамен $500 млн инвестиция салынатын болады. Салыстыру үшін айта кетсек, соңғы 30 жылда бұл салаға барлығы $760 млн жұмсалған. Нәтижесінде перспективасы жоғары учаскелерде  сейсмикалық сынақтардан бастап аэрогеофизикалық зерттеулерге дейін барлығы 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі. Кейін әр жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырым аумақта барлау жұмыстары жүргізілетін болады.

Шикізат базасын ұлғайту мақсатында мемлекет қаржысынан бөлек, геологиялық барлауға жеке инвестициялар да тартылуда.  2023 жылдан бері оның көлемі $500 млн-нан асты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...