Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында телекөпір ұйымдастырылды. Іс-шара "Заң мен тәртіп — құқықтық мемлекеттің негізі" идеологемасы аясында өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Университеттің конференц-залында оқытушылар, студенттер, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері жиналды. Қатысушылар алдында Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Асель Сексенова сөз сөйледі.
Кездесу барысында студенттерге қазіргі есірткі қауіптері, жастарды заңсыз схемаларға тарту тәсілдері, сондай-ақ психотроптық заттарды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды. "Дропперлер" мен "есірткіні жасырын қойып кетуші" ұғымдарына және осындай қылмыстарға қатысудың нақты салдарына ерекше назар аударылды.
Телекөпір форматында студенттермен психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін сотталғандар байланысқа шықты. Қыздар 10 жылға бас бостандығынан айырылып, қазіргі уақытта Петропавл қаласындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. Олардың өмір жолы "жеңіл ақша" табуға ұмтылудың қандай салдарға әкелетінін айқын көрсетті.
Асель Сексенова мұндай кездесулердің жастармен ашық диалог орнату үшін маңызды екенін атап өтті.
— Біз тек заң баптарын айтып қана қоймаймыз. Біз бір ғана ойланбай қабылданған шешімнің салдарынан ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылған адамдардың шынайы тағдырын көрсетеміз. Біздің міндетіміз — жастарды қылмыстық схемаларға тартылудан сақтандыру, түсіндіру және қорғау, — деді ол.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны, құқықтық тәртіп мәселесіне бейжай қарамағандары үшін алғыс білдірді.

