4 трлн теңгеге өнеркәсіптік шығарылым: Павлодар облысы экономикалық және энергетикалық әлеуетті арттыруда

4 трлн теңгеге өнеркәсіптік шығарылым: Павлодар облысы экономикалық және энергетикалық әлеуетті арттыруда

Мемлекет басшысының ұлттық экономиканы әртараптандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Павлодар облысы тұрақты даму серпінін көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір нақты секторда жүйелі өсу, инвестициялар тарту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз ете отырып, жетекші индустриялық орталық мәртебесін растады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Павлодар облысының экономикасы сенімді өсім көрсетуде: өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 трлн теңгеден асты, нақты көлем индексі – 102,2%. Барлық базалық салада оң динамика тіркелді: өңдеу секторы 1,9%-ға өсті, тау-кен өнеркәсібі – 2,4%, электрмен жабдықтау – 2,2%. Құрылыс саласы қарқынды өсім көрсетіп отыр, орындалған жұмыстардың көлемі 495 млрд теңгеге жетіп,  24%-ға өсті. Облыстың тұрғын үй қоры 578 мың шаршы метр жаңа тұрғын үймен толықты. Инвестициялық белсенділік дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Павлодар облысы капитал ағыны бойынша республикада екінші орынға шықты: негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 47%-ға өсіп, шамамен 1,3 трлн теңгені құрады. Қалыптастырылған инвестициялық пул жалпы құны 7,3 трлн теңге болатын 107 жобаны қамтиды, оларды іске асыру 16 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.  Осылайша, Екібастұзда қуаты 300 мың тонна ферросилиций өндіретін екі зауыт пайдалануға берілді. 2026 жылы құны 208 млрд теңге болатын үшінші кәсіпорын Mineral Product International іске қосылады деп күтілуде. Облыс орталығында Solidcore Resources plc трансұлттық компаниясы шетелдік инвестициясы $1 млрд-тан асатын еліміздегі ең ірі доре құймасын өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ сингапурлық XINFA GROUP компанияның қатысуымен түсті металлургия мен көмір химия салаларында толық циклді өнеркәсіптік парк құру бойынша стратегиялық жоба әзірленуде, инвестиция көлемі – $15 млрд.

Энергетикалық секторды дамыту

Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту стратегиялық басым бағыт болып қала береді. Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру облыстың энергия кешенінің қуатын 65%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздері секторы да қарқынды дамып келеді: жалпы инвестиция көлемі 733 млрд теңге болатын қуаты 500 және 1000 МВт-тық жел электр стансаларының жобалары бар. Сонымен қатар, Ақсу МАЭС-тің №7 энергоблогын (+325 МВт) қайта жаңарту мен Павлодар ЖЭО-2 турбоагрегаттарын ауыстыруды қоса алғанда, қолданыстағы активтерді терең жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өнеркәсіптің дамуы экология мәселелерімен тығыз байланысты. Жаңа өндірістерге тазартудың озық технологиялары енгізілуде: ферроқорытпа зауыттары 99,9% дейін ұстап қалу тиімділігі бар сүзгілермен жабдықталған. ERG компаниясы экологиялық жобаларға 178 млрд теңге инвестициялайды, бұл қалдықтарды 57%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың мамыр айында Павлодарда қуаттылығы жылына 150 мың тонна қалдық болатын алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешенін іске қосу маңызды қадам болмақ.

Облыста 1 млн тонна картоп жиналды

Өңірдің ауыл шаруашылығы 10%-ға өсіп, жалпы өнім көлемі 571,4 млрд теңгеден асты. Облыс суармалы жерлердің 98%-ына қолданылатын су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша көш бастап тұр. АӨК-ке салынған инвестициялар ағыны бір жыл ішінде 187 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, өткен жылы шаруалар 1 млн тоннадан астам картоптың рекордтық өнімін жинады. Аймақ елдің азық-түлік қауіпсіздігінде шешуші рөл атқарады, барлық қарақұмық жармасының 65%-ын, сәбіздің 36%-ын, күнбағыстың 27%-ын және картоптың 26%-ын өндіреді, бұл әлеуметтік маңызы бар тағамдардың ең төменгі бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік сала

Тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылым секторында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жылыту маусымын апатсыз өткізу мақсатында 26,2 млрд теңге сомасына 37 шақырымнан астам жылу желілері реконструкцияланды, Павлодар мен Екібастұздағы үш ірі жылу магистралі толығымен жаңартылды.  2026 жылы тағы 150 шақырым инженерлік желі жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Халық саны 200 адамнан асатын қалалар мен ауылдарда ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ға дейін жеткізілді. Жол-көлік инфрақұрылымы да жаңартылуда: нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 96%-ға жетті, қалалардың автобус паркі 90%-ға жаңартылды. Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы реконструкцияланғаннан кейін тамыз айында жұмысын қайта бастайды. Оны жөндеуге Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді. Облыс бюджетінің жартысынан көбі – 51%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы және басқа да бағдарламалар шеңберінде қалалар мен ауылдарда жаңа оқу орындары салынды, кәсіпорындардың қатысуымен білім беру кластерлерін құру жүргізілуде. Денсаулық сақтау жүйесі ауылдық жерлердегі 30 жаңа нысандармен толықтырылды. Спорттық инфрақұрылым айтарлықтай қарқын алады: 2026 жылы мұз сарайы, Конгресс-холл және 25 мың орындық футбол стадионымен қатар, бес ірі нысанның құрылысы басталады, бұл жаппай спортпен шұғылдануға және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге жағдай жасайды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік саласын...