Инфрақұрылым дамуы – қала тұрғындарының өмір сапасының негізі

Инфрақұрылым дамуы – қала тұрғындарының өмір сапасының негізі

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ, сыртқы жарықтандыру және жылу жүйелері бойынша атқарылған жобалар тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтуға бағытталған.

Қаладағы 81 елді мекеннің 80-і ауыз сумен қамтылған. Бұған дейін ауыз су жүйесі жүргізілмеген Құрсай елді мекенінде су құбыры толық тартылып, қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жетті. 2024–2025 жылдары Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран, Текесу және Айкөл елді мекендерінде су жүйелері салынып, шамамен 11 мың тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Қаланың өсуін ескере отырып, алты су жинақтағыш қондырғы салу және жаңа құрылыс аумақтарында су жүйелерін кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған.

Электрмен қамту бойынша қаладағы барлық 81 елді мекен толық қамтылған. 2024 жылы Асар-2 және Бозарық елді мекендерінде электр желілері іске қосылып, 15 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатына қол жеткізді. Қазіргі таңда Ақжар, Бадам және Тұран қосалқы стансаларының құрылысы жүргізілуде. Құны 7,6 млрд теңгені құрайтын «Ақжар 110 кВ» қосалқы стансасының құрылысы аяқталып, бірқатар елді мекендер мен индустриялық аймақтарды тұрақты электрмен қамтуға мүмкіндік берді.

Табиғи газбен қамту деңгейі 97 пайызға жетті. 2024 жылы алты елді мекенде газ жүйесінің құрылысы аяқталып, 90 мыңнан астам тұрғын газ желісіне қосылды. Қазіргі уақытта тағы сегіз елді мекенде газдандыру жұмыстары аяқталу сатысында, бұл 22 мыңнан астам адамды табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газ желілерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылы «Пергам» типті арнайы диагностикалық қондырғы сатып алынды.

Сыртқы жарықтандыру саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. 2023 жылы жарықтандыру деңгейі 30 пайызды құраса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 65,9 пайызға жетті. 2025 жылы 2 291 көшені жарықтандыру жоспарланып, жыл соңына дейін қала аумағын 100 пайыз жарықтандыру көзделген.

Жылу жүйелерінің сенімділігін арттыру мақсатында құбырішілік диагностика технологиясы енгізілді. Магистральды көшелердегі 1 263 метр жылу құбыры тексеріліп, апаттық тәуекелдерді азайтуға нақты ұсыныстар берілді. Бұл әдіс жөндеу шығындарын 20–75 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласында инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік саласын...