Шымкент қаласында 2024–2025 жылдары жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аталған кезеңде жалпы ұзындығы 1 328,5 шақырым жол салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2024 жылы – 269,5 шақырым, 2025 жылы 12 ай қорытындысымен – 1 059 шақырым жол ел игілігіне тапсырылды.
2024 жылы көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 20,1 шақырымды құрайтын 4 көше пайдалануға берілді. Атап айтқанда, А-2 айналма жолын қайта құрудың 4 кезеңі, Өтегенов көшесінің жалғасының 1–2 кезеңдері және Оңтүстік айналма жолының құрылысы жүзеге асырылды.
2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, ұзындығы 21,1 шақырымды құрайтын 6 жоба іске асырылды. Мемлекет басшысының өңірге жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта жаңғыртылып, 6 және 8 кезеңдері пайдалануға берілді. Нәтижесінде жоба 90 пайызға орындалды.
Қаланың орталығын Ташкент–Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы бойынша құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталып, биыл 2-кезеңі пайдалануға тапсырылды. Аталған нысанды толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын халық үшін аса маңызды Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандарды келесі жылы іске қосу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Бәйдібек би және Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы басталды.
Көлік кептелістерін азайту және қолданыстағы жолдарға балама бағыттар қалыптастыру мақсатында Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр – Абылайхан көшелерін жалғау, сондай-ақ жоғарыда аталған теміржол өткелдерінің құрылыстары жүзеге асырылуда. Жандосов көшесінің жалғасы, Асар – Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жол және Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар асфальтталып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын 6 көше мен 1 көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 4 көше мен 1 көпір толық пайдалануға тапсырылды, ал 2 көше 2026 жылға өтпелі нысан болып табылады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар Шымкент қаласының көлік жүйесін жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Қала инфрақұрылымын дамыту алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

