Қалада бүгінде 808 өнеркәсіп кәсіпорны белсенді жұмыс істейді. Оның 710-ының өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болуы Шымкент экономикасының шикізаттық емес секторға бет бұрғанын аңғартады.
2025 жылдың 11 айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 362,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика өңірлері арасында 5-орынға тұрақтаған.
Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі ерекше назар аудартады. Аталған салада 1 218,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 115,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Шымкентті өңірлер арасында 3-орынға шығарды.
Индустриялық аймақтар – Шымкент экономикасының құрылымдық тірегі десек болады. Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды қамтитын 7 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 716,9 млрд теңгені құрайтын 455 жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде 318 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.

