Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Жарықбас және Бәйдібек ата елді мекендеріне табиғи газ берілді. Бұл туралы аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызәлиев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
«Бәйдібек ауданында үлкен қуаныш: тағы екі ауылға табиғи газ берілді!
Құрметті аудан тұрғындары! Біздің өңіріміз үшін маңызды тарихи сәттер жалғасын табуда. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алмалы ауылдық округіне қарасты Жарықбас және Бәйдібек ата елді мекендерінің тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Табиғи газдың елді мекендерге берілуі – Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының жарқын көрінісі екенін атап өтуіміз керек.
Мен айтулы шараға арнайы қатысып, ауылдастардың ақжарма қуанышына ортақтастым.

Аудандағы елді мекендерді газдандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда 38 ауылымызда (76%) немесе 43 484 тұрғын (90,2%) көгілдір отын қолдануға мүмкіндік алып отыр. 2026 жылы Қаратас, Тұрақты, Ақжар, Жұлдыз, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас, Шұқыршақ ауылдарында құрылыс жұмыстарын аяқтауды көздеп отырмыз.
Осынау игі іске атсалысқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандарына, мердігер мекемелерге және сабырлылық танытқан ауыл тұрғындарына алғыс айтамын.
Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Ал, осы ауылдардың жағдайын көтеріп, игілігін қамтамасыз ету – біздің еңбегіміздің негізгі мақсаты.
Түйткілдің тетігін шешетін, табысқа кепіл болатын – жүйелі жоспар, тынымсыз, тыңғылықты еңбек. Мақсатымызға жеткізетін жемісті күндеріміз көбейсін!
Қуаныш құтты болсын, ағайын! Шаңырақтарымыздан жылуымыз үзілмесін!» деп жазды Бақыт Тұрсынәліұлы.
Айта кетейік, Бәйдібек ауданында мұндай игі істер қарқынды жүргізілуде. Мәселен, осыдан бірер күн бұрын Ағыбет ауыл округіндегі Жұлдыз ауылына заманауи технологиямен жабдықталған су айдау станциясы мен жаңа құбырлар желісі іске қосылған болатын.


