Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қоғамды біріктіретін маңызды алаңға айналып келеді. Бағдарлама аясында өңірде қоршаған ортаны қорғау, жасыл аймақтарды көбейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бастаманың жалғасы ретінде 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Түркістан қаласында мазмұны терең, мағынасы зор экологиялық шара ұйымдастырылды.
Аталған күнге орай өткізілген ағаш отырғызу акциясы қоғамдағы адалдық қағидаттарын табиғатты аялау идеясымен сабақтастыра отырып өтті. Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында «Бірлік аллеясы» ашылып, 150-ге жуық ағаш көшеті егілді. Бұл шара бір жағынан өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталса, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың символдық үлгісіне айналды.
Игі бастамаға Түркістан облысының мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, сондай-ақ басқарма және департамент басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді ерікті жастар қатысты. Қатысушылардың барлығы бірлесе ағаш отырғызып, қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Шара барысында сөз сөйлеген облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, табиғатты қорғау мен әділетті қоғам қалыптастыру арасындағы өзара байланысты атап өтті. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқықтық тетіктермен ғана емес, қоғамдағы құндылықтарды жаңғырту арқылы жүзеге асады. Ағаш отырғызу – осы жаңарудың, тазалық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бұл әрекет келешек ұрпаққа экологиялық әрі рухани аманат қалдыруға бағытталған.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Мемлекет басшысының ел көлемінде 5 жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы Түркістан облысында нақты істермен жүзеге асып жатқанын жеткізді. Өңірде жасыл желекті көбейту, саябақтар мен аллеяларды абаттандыру, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жыл бойы жоспарлы түрде атқарылуда. Бұл жұмыстар тек экологиялық тепе-теңдікті сақтауға емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, биылғы күзгі маусымда Түркістан облысында 500 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелері арқылы 400 мыңнан аса көшет босатылып, өңірдің әртүрлі аумақтарында егілуде. Олардың қатарында қарағай, терек, қарағаш және үйеңкі сияқты жергілікті климатқа бейім ағаш түрлері бар. Бұл көшеттер алдағы жылдары өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, ауа сапасын арттыруға және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға ықпал етпек.
Ағаш отырғызу шарасы концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Дегенмен іс-шараның негізгі мәні мерекелік көңіл күйде емес, қоғамға берер тәрбиелік және экологиялық үлгісінде болды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл бастама Түркістан облысында экологияны қорғау, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін айқын көрсетті.

